Басты бет / Жаңалықтар /
Ақылы жолдар
Фото Facebook-тегі "Дороги Казахстана" парақшасынан алынды

Қазақстанда ең танымал ақылы жолдар қандай?

2026 жылғы қаңтар-шілде айлары аралығында Қазақстандағы республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарында 44,95 миллионға жуық көліктің жүріп өтуі тіркелді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ең көп көлік Алматы – Қонаев бағытында жүрген

«ҚазАвтоЖолдың» мәліметінше, ең жоғары көлік ағыны Алматы – Қонаев ақылы жолында тіркелген.

Жеті ай ішінде бұл бағытпен 7 149 537 көлік жүрген. Тәулігіне орта есеппен 33,7 мыңға жуық көлік қатынаған.

Көлік қозғалысы ең жоғары болған бағыттар:

  1. Алматы – Қонаев – 7 149 537;
  2. Шымкент – Өзбекстан шекарасы – 5 463 475;
  3. Шымкент – Тараз – 3 784 782;
  4. Тараз – Қайнар – 3 289 935;
  5. Шымкент – Қызылорда – 2 736 666.

Талдау бойынша, көлік қозғалысының ең жоғары қарқыны Алматы агломерациясы мен еліміздің оңтүстік өңірлерінде байқалған.

Елорда бағыттары да ең көп жүретін жолдардың қатарында

Астанаға қатынайтын ақылы жолдарда да көлік ағыны жоғары болған. Атап айтқанда:

  • Астана – Теміртау – 2 293 893 көлік;
  • Астана – Щучинск – 2 219 653 көлік;
  • Астана – Павлодар – 1 401 004 көлік.

Сонымен қатар Солтүстік Қазақстанда Қостанай – Денисовка, Щучинск – Көкшетау және Көкшетау – Петропавл бағыттары белсенді пайдаланылған.

Батыс өңірлерде Ақтөбе – Ресей шекарасы, Қандыағаш – Мақат, Орал – Ресей шекарасы бағыттары, ал шығыс және оңтүстік-шығыста Алматы – Қорғас, Қонаев – Талдықорған және Үшарал – Достық автожолдары жоғары сұранысқа ие болған.

«ҚазАвтоЖол» үш жаңа ақылы жол – Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал, Бурылбайтал – Күрті және Талдықорған – Өскемен бағыттарында ақылы жүйе тек 2026 жылғы шілде айында енгізілгенін атап өтті. Сондықтан олардың көрсеткіштері бір айға жуық кезеңді ғана қамтиды және жыл басынан бері ақылы жұмыс істеген жолдармен тікелей салыстыруға келмейді.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook