Алматыда электросамокат пайдаланушылардың жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтау үшін «Сергек» камераларын пайдалану жоспарланып отыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
«Сергек» самокат жүргізушілерін де бақылайды
Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбектің мәліметінше, заңнамадағы өзгерістерден кейін электросамокаттар толыққанды көлік құралы ретінде танылды. Соған сәйкес, оларды пайдаланушылар мен кикшериң компаниялары үшін де жаңа міндеттер енгізілді.
Қазір полиция кикшериң компанияларының деректерін құқық қорғау органдарының базаларымен және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін автоматтандырылған жүйелермен біріктіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Салтанат Әзірбектің айтуынша, дайындық кезеңінде «Сергек» кешендерін осы жүйеге бейімдеу бойынша жұмыстар жүргізілген.
Жыл басынан бері 18 мыңнан астам адам жауапқа тартылды
Қазір электросамокат жүргізушілерінің жол ережесін бұзу деректерін патрульдік полиция қызметкерлері анықтап келеді. Бұл жұмысқа патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар, мобильді электропатрульдер және самокат патрульдері жұмылдырылған.
Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 18 мыңнан астам электрсамокат пайдаланушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
