Қазақстанда жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне түсуге мүмкіндік беретін тамыздағы ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) басталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
30 мыңнан астам талапкер тест тапсырады
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, тамыз ҰБТ-сы 14 тамызға дейін жалғасады.
Тестілеуге 30 мыңнан астам талапкер өтініш берген. Оның ішінде:
- 65%-ы – қазақ тілінде;
- 35%-ы – орыс тілінде;
- 100 талапкер – ағылшын тілінде тест тапсырады.
ҰБТ-ға кімдер қатыса алады?
Тамыздағы ҰБТ-ға:
- биылғы және өткен жылдардағы мектеп пен колледж түлектері;
- қандастар;
- шетелде орта білім алған азаматтар;
- шығармашылық бағыттан басқа мамандықтарға ауысқысы келетін студенттер;
- өзге білім беру бағдарламаларынан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер;
- өткен оқу жылында шекті балл жинай алмай, жоғары оқу орнына ақылы негізде қабылданған талапкерлер қатыса алады.
Сонымен қатар министрлік өз мамандығы бойынша жоғары оқу орнында ақылы негізде білімін жалғастырғысы келетін колледж түлектері әңгімелесу нәтижесі бойынша оқуға түсе алатынын хабарлады. Бұл жағдайда талапкерлерді қабылдауды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады.
