Күніне 10 мың қадам жүру жылдар бойы денсаулық сақтаудың мызғымас қағидасы саналып келді. Алайда бұл межеге жету міндетті емес: 2025 жылғы зерттеу күніне шамамен 7000 қадам жүрудің өзі ағзаға айтарлықтай пайдалы екенін дәлелдеді. Белсенділігіңіз бұдан төмен болса да, сары уайымға салынудың қажеті жоқ. Өйткені әрбір қосымша 1000 қадамның өзі өлім қаупін айтарлықтай төмендетіп, өмір жасыңызды ұзартады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
10 мың қадам жүру міндетті ме?
Бұл сұраққа жауап іздеген ғалымдар 2014 жылдың қаңтарынан 2025 жылдың ақпанына дейін жарияланған зерттеулерді саралаған. The Lancet Public Health журналында жарияланған жүйелі шолу мен метаталдауға барлығы 35 когортты қамтыған 57 зерттеу енгізілген.
Зерттеушілер күнделікті қадам саны мен өлім-жітім, жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік, 2-типтегі қант диабеті, деменция, жан саулығы, дене белсенділігі арасындағы байланысты қарастырған.
Ғалымдар ағзаға төнетін қауіптерді азайтып, денсаулықты қалыпта ұстаудың ең оңтайлы шегі – күніне 5000–7000 қадам аралығында жүру екенін анықтады.
Ал 7000 қадам – өз денсаулығын күткісі келетін кез келген адамның қолынан келетін әрі айтарлықтай пайдалы меже.

7000 қадамның қандай пайдасы бар?
Зерттеуде күніне 2000 қадаммен салыстырғанда 7000 қадам жүретін адамдарда бірқатар қауіптердің төмен екені анықталған.
Атап айтқанда:
- жалпы өлім қаупі – 47%-ға төмен;
- жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупі – 25%-ға төмен;
- жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болу қаупі – 47%-ға төмен;
- қатерлі ісіктен қайтыс болу қаупі – 37%-ға төмен;
- 2-типтегі қант диабетінің даму қаупі – 14%-ға төмен;
- деменция қаупі – 38%-ға төмен;
- күйзеліс белгілерінің қаупі – 22%-ға төмен;
Қатерлі ісіктің пайда болу қаупі де төмен болғанымен, бұл көрсеткіш статистикалық тұрғыдан маңызды деңгейге жетпеген.
10 мың қадам пайдасыз деген сөз бе?
Зерттеу авторлары 10 мың қадам жүрудің пайдасын толығымен жоққа шығармайды. Керісінше, белсенді өмір салтын ұстанатындар үшін бұл көрсеткіш әлі де дұрыс меже бола алатынын атап өтеді.
Алайда 10 мың қадамды денсаулық үшін міндетті меже ретінде қабылдаудың қажеті жоқ. Зерттеу нәтижесі 7000 қадамға жетудің өзі денсаулыққа айтарлықтай пайда әкелуі мүмкін екенін көрсетеді.
Бұл, әсіресе аз қозғалатын адамдарға маңызды. Бірден 10 мың қадамға ұмтылудың орнына, күнделікті қадам санын біртіндеп арттыру пайдалы.
Ал 2000 немесе 3000 қадам ғана жүретіндер ше?
Мұндай жағдайда да көп қозғалуға тырысқан жөн. Зерттеу қадам саны артқан сайын денсаулық көрсеткіштерінің жақсара түсетінін көрсетті. Кейбір көрсеткіштерде қадам саны артқан сайын денсаулыққа қауіп төндіретін факторлар деңгейі де төмендеген.
Дегенмен зерттеу «әрбір қосымша 1000 қадам өмірді нақты пәлен жылға ұзартады» деген қорытынды жасамайды. Ғалымдар негізінен қадам саны мен денсаулық нәтижелерінің арасындағы статистикалық байланысты бағалаған.
Тағы оқыңыз:
