Басты бет / Жаңалықтар /
телефон, әлеуметтік желілер, инстаграм, WhatsApp
Фото: Ерқанат Аманкел

WhatsApp аккаунтыңызды бұзып алмау үшін не істеу керек? ІІМ кеңес берді

Ішкі істер министрлігі азаматтарға WhatsApp мессенджеріндегі аккаунттарға рұқсатсыз қол жеткізу жағдайлары туралы ескерту жасап, жеке деректерді қорғау үшін қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Екі сатылы тексеруді қосуға кеңес берді

ІІМ WhatsApp аккаунтының қауіпсіздігін арттыру үшін екі сатылы тексеру функциясын қосуды ұсынды.

Ол үшін:

  • WhatsApp қосымшасын ашып, «Баптаулар» бөліміне өту;
  • «Аккаунт»«Екі сатылы тексеру» бөлімін таңдау;
  • «Қосу» батырмасын басып, алты таңбалы PIN-код орнату;
  • аккаунтты қалпына келтіруге арналған электрон пошта мекенжайын енгізу қажет.

Министрлік орнатылған PIN-кодты ешкімге бермеуге шақырды. Сонымен қатар пайдаланушылар аккаунтқа қосылған құрылғыларды жүйелі түрде тексеріп отыруға тиіс. Егер «Байланыстырылған құрылғылар» бөлімінен белгісіз құрылғы анықталса, оны дереу жүйеден шығару ұсынылады.

Аккаунт бұзылғанын қалай білуге болады?

ІІМ мәліметінше, аккаунттың бұзылғанын көрсететін негізгі белгілер мыналар:

  • белгісіз құрылғылардың аккаунтқа қосылуы;
  • пайдаланушының қатысуынсыз хабарламалардың жіберілуі;
  • таныстардың сіздің атыңыздан күмәнді хабарламалар алғанын айтуы;
  • өзіңіз сұратпаған растау кодтарының SMS арқылы келуі;
  • аккаунттан өздігінен шығып кету.

Министрлік азаматтарға растау кодтарын ешкімге бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және бейтаныс адамдардың айтуымен қосымшалар орнатпауға кеңес берді.

Сонымен қатар телефон мен компьютерді зиянды бағдарламаларға тұрақты түрде тексеріп, егер WhatsApp-та рұқсатсыз белсенділік байқалса, барлық белсенді сеанстарды аяқтап, екі сатылы тексерудің PIN-кодын өзгерту және бұл туралы байланыстағы адамдарды ескерту қажет.

Бұдан бөлек, егер танысыңыздың атынан шұғыл ақша аударуды сұраған хабарлама келсе, алдымен оған телефон арқылы немесе басқа байланыс тәсілімен хабарласып, хабарламаны шынымен өзі жібергеніне көз жеткізу ұсынылады.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram