Басты бет / Жаңалықтар /
Абай Құнанбайұлы ескерткіші, Республика сарайы
Фото: Алматы әкімдігі

Тоқаев қазақ халқын Абай күнімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарын Абай күнімен құттықтап, ұлы ойшылдың шығармашылық және зияткерлік мұрасы әлемдік әрі ұлттық мәдениеттің асыл қазынасында айрықша орын алатынын айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Президент: Абай ілімі – рухани темірқазығымыз

Президент құттықтауында Абайдың мұрасы қазіргі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, ақын өз шығармаларында қоғамдағы өзекті мәселелерді ашық көтеріп, халықты бейқамдық пен жалқаулықтан арылып, білім мен еңбекке ұмтылуға үндеген.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасын әр азаматтың рухани кемелденуіне жол көрсететін маңызды идея ретінде бағалады.

«Адал Азамат» идеясы Абай мұрасымен үндеседі

Президент биылғы Абай күні елде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалармен тұспа-тұс келгенін атап өтті.

Оның айтуынша, Халық Конституциясының күшіне енуі мен билік институттарын жаңғырту Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайтын маңызды кезең. Сонымен қатар мемлекет басшысы алдағы құрылтайды сайлау мен бір палаталы парламенттің реформаларды тиімді жүзеге асыруға серпін беретінін айтты.

Тоқаевтың пікірінше, жүргізіліп жатқан өзгерістердің басты мақсаты – қоғамда жасампаздық құндылықтарын орнықтырып, ұлттық бірегейлікті нығайту.

Президент Абайдың қара сөздеріндегі идеялар қазіргі Қазақстан ұстанып отырған «Адал Азамат», «Таза Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» қағидаларымен толық үндесетінін атап өтті.

Сөз соңында мемлекет басшысы Абайдың бай мұрасы алдағы уақытта да жас ұрпақты отансүйгіштікке, білімге және жауапкершілікке тәрбиелеуде маңызды рухани негіз болатынына сенім білдірді.

Мақала туралы ойыңыз?

TikTok парақшамызға жазылыңыз

TikTok