Басты бет / Жаңалықтар /
223e3fbebf99949a2a5d750288fd5378 Құмыра жасайтын Нұрдәулет: "Қыш ыдыс ыстықты суытпай, ал суықты салқын күйде сақтайды"
Фото ©Асия Смайл, baribar.kz

Құмыра жасайтын Нұрдәулет: «Қыш ыдыс ыстықты суытпай, ал суықты салқын күйде сақтайды»

Әлемдегі ең көне қыш ыдыстар, шамамен 20 мың жыл бұрын пайда болған. Бір қызығы, қыштан ыдыс, құмыра жасау егіншелік пен отырықшы мәдениеттен бұрын қалыптасқан екен. Қыштан жасалған ыдыс-аяқты әлі күнге дейін күнделікті тұрмыс-тіршілікте пайдаланып жүрміз.
Қолөнер шебері Нұрдәулет Қанабаев Маңғыстауда тұрады. Қазір құмыра жасап, көпшілікке танылып жүр. Baribar.kz тілшісі шеберден қыш ыдыс пен құмыраны қалай жасайтынын сұрап, білді.

Көлемі де, пішіні де бірдей бірнеше құмыра жасау оңай емес

Нұрдәулет Қанабаевтың сөзіне қарағанда, шағын құмыраның кескінін жасауға 10 минут, ал оны кептіріп, пешке күйдіруге үш күн уақыт қажет. Көлемі әртүрлі құмыраны жасау оңай, ал көлемі де, пішіні де бірдей бірнеше құмыра жасау қиын.

құмыра
Фото: Жеке архив

Қышпен, сазбен жұмыс істеудің ұнайтын тұсы — ерекше, қайталанбас туындылар жасау. Шығармашылықпен айналысып, жаңа туынды жасаудан шабыттанамын. Дегенмен дизайны, пішіні мен көлемі әртүрлі құмыра жасау оңай, ал біркелкі 30 құмыра жасау — қиын іс. Көлемі бірдей бірнеше құмыра жасау шеберлікті, епті болуды талап етеді. Көбіне мейрамханаға арналған құмыраларды минимализм стилінде жасаймын. Ою-өрнегі аз, шағын құмыраның кескінін, яғни пішінін 10 минутта жасауға болады. Содан соң логотипті құмыраға бекітіп, оны кептіріп, күйдіруге үш күн қажет. Құмыраны пешке салып, 12 сағатта екі рет күйдіремін. Кепкен құмыраны бір рет күйдіріп, пештен шыққан соң бояп, тағы да күйдіру керек, — дейді шебер.

«200 мың теңгеге құмыра алған адамдарды көрдім»

Шебер құмыра бағасын оның көлемі мен өрнегінің күрделі немесе жеңіл екенін ескере отырып бекітеді. Ол тек табыс табуды мақсат еткен күнде қолөнер құлдырайтынын айтты.

Құмыра бағасы 5 мың теңгеден басталады. Бағаны құмыраның көлеміне және өрнегінің күрделі, жеңіл болуына қарай бекітемін. Қолөнер сатылмайды, бағаланады дегендей, Алматыда шебермен еш саудаласпай, айтқан бағасына, тіпті 200 мың теңгеге құмыра алған адамдарды көрдім. Кейбір сатып алушылар базардағыдай саудаласады. Маңғыстауда құмыра жасап, оны сатып жатқан шеберлер аз. Табыс табуды ғана көздесек, қолөнер құлдырайды деп ойлаймын. Шеберлігіміз бен кәсіби қабілетімізді дамытуға көңіл бөлсек, сұраныс та, табыс та болады, — дейді Нұрдәулет Қанабаев.

«Шеберханада қонып, түнімен құмыра жасаған кездерім болды»

Нұрдәулет қыш өнерін меңгеру үшін Алматыға келіп, кейін Өзбекстанға барып, білім алған.

құмыра
Фото: Жеке архив

Құмыра жасауды 2024 жылы Данияр Бабашев деген шеберден үйрендім. Алғашқы жасаған туындым — өрнегі бар табақ (тәрелке деп те атайды). Жасаған туындыларым ұстазымның көңілінен шыға бастады. Ол менен үлкен үміт күткендей көрінді. Осылай, құмыра жасау қолымнан келтінін, шебер болуға икемім бар екенін түсіндім. Бұл істі меңгеру үшін ерік-жігерімді жиып, жайлы ортадан шығып, Алматыға, одан әрі Өзбекстанға бардым. Тіпті шеберханада қонып, түнімен құмыра жасаған кездерім болды. Алайда жұрт бұл қолөнерді тек тегін үйренгісі келеді. Бұл — қолөнерді құнсыздандыру, — дейді шебер.

Табиғат пен қолөнер құндылығын үндестіріп, дәріптеу

Нұрдәулет Қанабаев қолөнерді дәріптеу үшін әртүрлі көрмеге қатысады. Алайда кейбір адамдар құмыраны шебердің өз қолымен жасағанына күмәндана қарайды екен.

құмыра
Фото: Жеке архив

Жұрт қолөнерді танып, оның құндылығын білсе екен деген мақсатта әртүрлі көрмеге жиі қатысамын. Мысалы, Наурыз мерекесіне орай қыш құмыралар мен ыдыстарымыз көрмеге қойылды, тапсырыстар түсті. Осылай, жұрт бізді енді ғана танып жатыр. Бұған дейін кейбір адамдар құмыраны өз қолыммен жасағаныма күмәндана қарайтын. Сондықтан құмыра жасап жатқан сәтімді видеоға жиі түсіруге тырысамын. Содан соң жұрт сенім артып, тапсырыс бере бастайды. Жұрт Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалы, Ақтаудағы Каспий теңізі өрнектелген ыдыс-аяқтарды пайдаланып, бір-біріне сыйлық ретінде берсе, жақсы емес пе? Табиғат пен қолөнер құндылығын осылай үндестіріп, үйлестіруге болады, — дейді Нұрдәулет.

Қыш ыдыс ыстықты суытпай, ал суықты салқын күйде сақтайды

Шебердің айтуына қарағанда, қыш ыдысқа ыстық шай құйғанда қол күйсе, сапасыз деген сөз.

құмыра
Фото: Жеке архив

Қыш ыдыстың сапалы немесе сапасы нашар екенін анықтау қиын емес. Мысалы, сапасыз кесеге ыстық сорпа, шай құйып, сыртынан ұстағанда қолды күйдіріп жібереді. Негізі сапалы қыш ыдыс ыстықты суытпай, ал суықты салқын күйде ұстап тұрады. Торсық, құмырада қымыз, шұбат сынды сусындарды ашытпай, ұзақ сақтаудың сыры — осы, — дейді  шебер.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook