Қазақстанда 2-9 тамыз аралығында ормандардан 47 рет өрт шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Өрттердің барлығы толық сөндірілді
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, өрттің 21-і жергілікті атқарушы органдарға қарасты орман шаруашылығы мекемелерінде, ал 26-сы мемлекеттік орман қоры аумағында болған.
Өрт ошақтары жерүсті және әуе патрульдері, сонымен қатар орман өрттерін ерте анықтау жүйелері арқылы уақытында анықталған. Өртті сөндіруге мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» авиациясы, өрт сөндіруші десантшылар және арнайы техника жұмылдырылды. Министрліктің мәліметінше, барлық өрт ошақтарының таралуына жол берілмей, олар толық сөндірілген.
Бурабай мен Ақмола облысында жаңа өрт шықты
9 тамызда мемлекеттік орман қоры аумағында тағы екі орман өрті тіркелді. Оның бірі Ақмола облысында, екіншісі «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында болған.
Өрттер «Қазавиаорманқорғау» жүргізген әуе патрулі кезінде анықталған. Ақпарат түскеннен кейін оқиға орындарына орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері мен техникасы жедел жіберілген. Өртті сөндіруге «Қазавиаорманқорғаудың» десантшылары мен мемлекеттік орман күзеті де қатысқан.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі аптап ыстық пен найзағайлы ауа райына байланысты елімізде өрт қаупі әлі де жоғары екенін ескертті.
Ведомство Қазақстан азаматтарын табиғат аясында демалған кезде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырып, «Орманды сақтау – ортақ жауапкершілік» екенін еске салды.
