«Жолаушылар тасымалы» АҚ Астана мен Арқалық арасында жаңа жолаушылар пойызын іске қосты. Жаңа бағыт өңірдің көліктік қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Пойыз күн сайын қатынайды
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметінше, бұған дейін бұл бағытта жолаушыларды тек жеке тасымалдаушы тасымалдаған.
Жаңа пойыз Астана (Нұрлы жол вокзалы) – Жалтыр – Атбасар – Жақсы – Есіл – Державинская – Арқалық бағыты бойынша күн сайын қатынайды.
Құрам 2025 жылы шығарылған алты жаңа вагоннан тұрады. Оның ішінде үш купе және үш плацкарт вагоны бар. Пойыз 250-ден астам жолаушыға арналған. Вагондарда ауа баптау жүйесі, заманауи қауіпсіздік құралдары, USB порттары, электр розеткалары және жеке жарықтандыру қарастырылған.
Пойызда Starlink интернеті тегін жұмыс істейді
Жаңа бағыттағы пойызда Starlink технологиясы негізінде спутниктік интернет іске қосылды.
Іске қосу кезеңінде интернет қызметі жолаушыларға тегін ұсынылады. Бұл әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді, бейнесервистерді, жұмыс платформаларын және басқа да интернет-ресурстарды жол бойы пайдалануға мүмкіндік береді.
Пойыз билеттерін bilet.railways.kz ресми сайты арқылы немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларынан сатып алуға болады.
