Қазақстанда талапкерлер үшін жергілікті атқарушы органдар мен жоғары оқу орындары бөлетін 4,4 мыңнан астам білім беру грантына өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әкімдіктер 2392 грант бөлді
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, жергілікті атқарушы органдар биыл бакалавриат, магистратура және резидентура бағдарламалары бойынша 2392 мемлекеттік білім беру грантын бөлген. Ең көп грантты:
- Астана қаласы – 303;
- Шымкент қаласы – 285;
- Шығыс Қазақстан облысы – 270;
- Батыс Қазақстан облысы – 211;
- Абай және Түркістан облыстары – 200-ден;
- Ақмола облысы – 199;
- Қарағанды облысы – 198;
- Атырау облысы – 187;
- Маңғыстау облысы – 163 грант бөлген.
Қалған өңірлердің әрқайсысы шамамен 100 гранттан ұсынған.
Конкурсқа қатысу үшін талапкерлер өздері таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына өтініш беруге тиіс. Құжаттар тізіміне білім туралы құжат, негізгі ҰБТ сертификаты, жеке куәлік көшірмесі және жеңілдік санатын растайтын құжаттар (бар болса) кіреді.
Университеттер де 2 мыңнан астам грант ұсынады
Республикалық және жергілікті бюджет есебінен бөлінетін мемлекеттік гранттардан бөлек, Қазақстанның жоғары оқу орындары талапкерлерге 2 мыңнан астам ректорлық, университеттік және ішкі білім беру грантын ұсынады.
Әр оқу орны грант беру талаптарын өз бетінше белгілейді. Іріктеу кезінде ҰБТ нәтижесі, оқу үлгерімі, «Алтын белгі» иегері болуы, олимпиадалардағы, ғылыми, шығармашылық және спорттық жарыстардағы жетістіктері, сонымен қатар талапкердің әлеуметтік жағдайы ескеріледі.
Гранттар саны, өтінім беру мерзімі және қатысу талаптары туралы толық ақпаратты ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайтынан білуге болады.
