Алматының Медеу ауданында құтқарушылар тауда адасып кеткен екі жасөспірімді аман-есен тауып, ата-аналарына тапсырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жасөспірімдер қараңғы түскен соң жолдан жаңылған
Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының мәліметінше, 2008 жылы туған екі жасөспірім Бұтақты сарқырамасы маңында серуендеп жүрген.
Қараңғы түскеннен кейін олар белгіленген туристік соқпақтан адасып, кері қайтар жолды өз бетінше таба алмаған. Осыдан кейін құтқарушылардың көмегіне жүгінген.
Құтқарушылар оларды Экобекетке жеткізді
Оқиға орнына жедел жеткен құтқарушылар жасөспірімдерді тауып, қауіпсіз түрде Экобекетке дейін алып келген. Олар ата-аналарына аман-есен тапсырылды. Жасөспірімдерге медициналық көмек қажет болмаған.
Мамандар тауға шығуды жоспарлаған азаматтарға қауіпсіздік талаптарын сақтап, белгіленген туристік бағыттан шықпауға, ауа райын алдын ала тексеруге және қараңғы түспей қайтуға кеңес береді.
