Басты бет / Жаңалықтар /
мобильді аударым
Фото: Gov.kz

Мобайл аударымдарға бақылау: 2026 жылы салық назарына кімдер ілігуі мүмкін?

Қазақстанда мобайл аударымдарға бақылау жалғасады. Алайда салық органдары барлық азаматтың банк картасын тексермейді. Бақылау тек заңда белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін жеке шоттарға ғана жүргізіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қандай жағдайда мобайл аударымдар бақылауға алынады?

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 қарашадағы №698 бұйрығына сәйкес, жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметке арналмаған банк шотына төмендегі үш шарт қатар орындалған жағдайда бақылау жүргізіледі:

  • қатарынан үш күнтізбелік ай ішінде ақша түсуі;
  • әр айда 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан аударым келуі;
  • осы кезеңдегі түсімнің жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) асуы.

2026 жылы ең төменгі жалақы – 85 000 теңге. Демек, бақылау шегі – 1 020 000 теңге.

Банктер қандай ақпаратты береді?

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, екінші деңгейлі банктер салық органдарына әр тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей мәлімет ұсынады.

Бұл ретте банктер тек:

  • ақша алушының ЖСН-ын;
  • көрсетілген кезеңде түскен жалпы соманы береді.

Яғни, әрбір аударымның мақсаты немесе мазмұны туралы ақпарат берілмейді.

Мәліметтер алынғаннан кейін не болады?

Салық органдары жұмысты екі кезеңмен жүргізеді.

Бірінші кезең – хабардар ету

Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 93-бабына сәйкес азаматқа табыс алу белгілері анықталғаны туралы ақпараттық хабарлама (извещение) жолданады.

Бұл хабарлама тек ақпараттық сипатта болады және оған жауап беру талап етілмейді.

Екінші кезең – камералдық бақылау

Қосымша негіздер болса, мемлекеттік кірістер органдары камералдық бақылау жүргізеді.

Камералдық бақылау нәтижесінде сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, Салық кодексінің 137-бабына сәйкес азаматқа ресми хабарлама (уведомление) жіберіледі.

Оны алған азамат 30 жұмыс күні ішінде:

  • салық есептілігін тапсыра алады;
  • немесе түсіндірме беруге құқылы.

Шот бірден бұғаттала ма?

Жоқ.

Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғаның жоғарыдағы өлшемшарттарға сәйкес келуі банк шотын бұғаттауға немесе шығыс операцияларын тоқтатуға негіз болмайтынын атап өтті.

Шығыс операцияларын тоқтату тек камералдық бақылау нәтижесінде жіберілген ресми хабарламаны азамат орындамаған жағдайда ғана, Қазақстан Республикасының Салық кодексінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook