Қазақстанда шілде айында 589 дәрілік препараттың бөлшек саудадағы бағасы төмендеді. Баға өзгерістеріне жүргізілген мониториң елдің барлық 20 өңіріндегі 2 555 дәрілік затты қамтыған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қанша дәрінің бағасы өзгерді?
Министрліктің мәліметінше, бақыланған дәрілік заттардың:
- 589 препараттың бағасы төмендеген;
- 1 267 препараттың бағасы өзгеріссіз қалған;
- 147 препараттың бағасы 20%-дан астам арзандаған;
- 198 препараттың бағасы 10–20%-ға төмендеген;
- 244 дәрілік заттың бағасы 5–10%-ға азайған.
Қандай дәрілер арзандады?
Бағасы төмендеген дәрілік заттардың қатарында инфекциялық, жүрек-қан тамырлары және асқазан-ішек жолы ауруларын емдеуге арналған кең таралған препараттар бар.
Атап айтқанда:
- Зитмак 250 мг №6 – 24,25%-ға;
- Цефтриаксон 1 г – 22,03%-ға;
- Пантап 20 мг №14 – 20,1%-ға;
- Лизиноприл-ЛФ 20 мг №10 – 14,7%-ға;
- Энап 5 мг №10 – 13,27%-ға;
- Пульмикорт 0,25 мл – 11,09%-ға;
- Амоксиклав 875 мг/125 мг – 6,86%-ға арзандады.
Бағалар қалай бақыланады?
Дәрілік заттардың бағасы таңбалау және қадағалау жүйесі арқылы нақты уақыт режимінде бақыланады. Бұл жүйе дәрілердің өндірушіден бастап дәріханаға дейінгі қозғалысын қадағалап, сатылымдағы бағаны мемлекет белгілеген шекті бағамен салыстыруға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, цифрлық бақылау құралдары фармацевтикалық нарықтағы өзгерістерді жедел анықтап, шекті бағалардың сақталуын тиімді бақылауға көмектеседі.
Бағаны қалай тексеруге болады?
Министрлік тұрғындарға Naqty Onim мобильді қосымшасын пайдалануға кеңес береді. Қосымша арқылы:
- препараттың өндірушісі;
- дистрибьюторы;
- қай дәріханада сатылып жатқаны;
- мемлекет бекіткен шекті бөлшек сауда бағасы туралы ақпаратты көруге болады.
Мемлекеттік бақылау өзгерді
Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеу тетіктерін де жаңартты.
Енді мемлекеттік баға реттеуі халық арасында сұранысқа ие 3 039 рецептпен босатылатын дәрілік препаратқа ғана қолданылады.
Ал 4 918 дәрілік препарат, оның ішінде рецептсіз сатылатын дәрілер мен құны 1 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтын кейбір рецепттік препараттар мемлекеттік баға реттеуінен шығарылды.
Министрлік бұл өзгерістер әлеуметтік маңызы бар дәрілердің бағасын тиімді бақылауға және фармацевтикалық нарықтағы әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
2026 жылдың алғашқы алты айында дәрілік заттардың шекті бағасын асырудың 6 фактісі анықталып, кінәлі тұлғаларға жалпы сомасы 1,4 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.
