Астана қаласының прокуратурасы кейінгі уақытта интернет және тұрмыстық алаяқтықтың жаңа түрлері көбейгенін ескертіп, азаматтарды сақ болуға шақырды. Ведомство мәліметінше, алаяқтар өзін банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып, азаматтарды алдаудың түрлі тәсілдерін қолданады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алаяқтар қандай тәсілдерді қолданады?
Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифиңте Нұра ауданы прокуратурасы бөлімінің бастығы Шаһрирамадан Сұлтан қазіргі кезде жиі кездесетін алаяқтық схемаларын атады.
Олардың қатарында:
- жөндеу жұмыстары немесе түрлі қызмет көрсету сылтауымен алдын ала төлем алып, кейін міндеттемені орындамау;
- туристік жолдама, әуе билеті немесе қонақүй брондау қызметін ұсынып, ақшаны иемдену;
- өзін банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып, азаматтарды «қауіпсіз шотқа» ақша аударуға көндіру;
- банк картасының деректерін немесе SMS арқылы келген растау кодын алдап алу;
- әлжелілер арқылы техника, көлік және басқа мүлікті жалға алып, кейін қайтармау;
- жоқ немесе бөтен адамға тиесілі пәтерлерді жалға беремін деп жалған хабарландыру жариялау;
- интернетте жалған инвестиция жобалары, трейдинг платформалары немесе ақылы оқу курстары арқылы ақша жинау;
- фишиң сілтемелері арқылы WhatsApp, Telegram және басқа мессенджерлердегі аккаунттарды бұзып, кейін таныстарының атынан ақша сұрау.
Прокуратура қандай кеңес берді?
Прокуратура азаматтарды күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және жеке мәліметтерін үшінші тұлғаларға бермеуге шақырды.
Атап айтқанда:
- банк картасының нөмірін;
- CVV кодын;
- SMS арқылы келетін бір реттік кодтарды;
- интернет-банкингке кіру деректерін ешкімге хабарламау қажет.
Оңай әрі тез табыс табуға уәде беретін инвестиция ұсыныстарына сын көзбен қарау керектігі ескертілді.
Алаяқ үшін қандай жаза қарастырылған?
Прокуратураның мәліметінше, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес алаяқтық жасағаны үшін кінәлі тұлғаға ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда:
- мүлкін тәркілеу;
- белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан айыру;
- 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Ведомство азаматтарды интернетте де, күнделікті өмірде де сақ болып, жеке және қаржылық мәліметтерін ешкімге бермеуге шақырды.
