Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік білім гранттарының нәтижесі жарияланғаннан кейін грант иелене алмаған талапкерлер мен олардың ата-аналарына үндеу жасады. Министрдің айтуынша, грантқа түспеу – білім алу мүмкіндігі аяқталды деген сөз емес. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ақылы бөлімнен де мемлекеттік грантқа ауысуға болады
Министр көпшілік біле бермейтін тағы бір мүмкіндік бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, оқу жылы барысында түрлі себептермен мемлекеттік білім гранттарының бір бөлігі босайды.
Осындай жағдайда оқуын ақылы негізде бастап, жоғары академиялық үлгерім көрсеткен студенттер кейін бос мемлекеттік гранттарға конкурс арқылы үміткер бола алады.
Ата-аналарға үндеу
Саясат Нұрбек ата-аналарды балаларына қолдау көрсетуге шақырды.
Оның айтуынша, талапкер грант иеленсе, ата-анасы оның қуанышын бірге бөлісіп, еңбегінің бағаланғанын сезіндіруі керек.
Ал грант бұйырмаған жағдайда баланы өзгелермен салыстырмай, бір конкурс нәтижесін өмірлік үкім ретінде қабылдамауға кеңес берді.
Министр университеттердің қабылдау комиссияларымен байланысып, ректор, өңір және корпоратив гранттар туралы ақпарат алуға шақырды.
«Бір ғана тізімге арманыңыздың ауқымын анықтауға жол бермеңіз»
Министр талапкерлерге де жігер беретін сөз айтты.
Оның пікірінше, алда әлі талай емтихан, конкурс, жетістік пен сынақ күтіп тұр. Бірнеше жылдан кейін студент жолының қалай басталғанынан гөрі, қандай маман әрі қандай азамат болып қалыптасқаны маңыздырақ болады.
«Бір ғана тізімге арманыңыздың ауқымын анықтауға жол бермеңіз», – деді Саясат Нұрбек.
Сөз соңында министр болашақ студенттерді жаңа өмір кезеңінің басталуымен құттықтап, мемлекеттік грантқа түсе алмаған талапкерлерге үміт үзбей, алға ұмтылуға кеңес берді.
«Кейде арманға апарар жол біз жоспарлағаннан сәл ұзағырақ болады. Бірақ бұл оның басқа бағытқа апара жатқанын білдірмейді», – деп түйіндеді министр.
