«Қазгидромет» РМК алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қазақстанда алдағы демалыс күндері ауқымды антициклонның ықпалымен ыстық әрі құрғақ ауа райы сақталады.
Қай өңірлерде жаңбыр жауады?
Синоптиктердің мәліметінше, кезеңнің соңына қарай еліміздің батысы мен солтүстік-батысында солтүстік-батыс циклоны мен атмосфералық фронттардың әсерінен жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде жел күшейіп, бұршақ жаууы мүмкін.
Ал республиканың шығысында кезеңнің басында, сонымен қатар оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында оңтүстік циклонның ықпалынан барлық күндері жаңбыр жауып, найзағай күтіледі.
Аптап ыстық күшейеді
«Қазгидрометтің» болжамынша, Иран аумағынан келетін жылы ауа массаларының әсерінен еліміздің барлық өңірінде аптап ыстықтың кезекті толқыны байқалады. Ауа температурасы:
- Солтүстік және шығыс өңірлерде – 35-39°C;
- Оңтүстік өңірлерде – 35-41°C;
- Батыс және орталық өңірлерде – 36-41°C-қа дейін көтеріледі.
Синоптиктер тұрғындарды күннің ең ыстық уақытында сақтық шараларын сақтап, күн астында ұзақ жүрмеуге және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң ұстануға шақырады.
