Жаңа оқу жылы қарсаңында Оқу-ағарту министрлігі міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды тағы бір мәрте еске салды. Ережеге сәйкес, мектеп формасын таңдауда ата-аналарға белгілі бір дүкеннен немесе өндірушіден киім сатып алу міндеттелмейді. Әлеуметтік осал отбасылардың балаларына мектеп формасын сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мектеп формасын кім бекітеді?
Мектеп формасының үлгісін әр білім беру ұйымы:
- қамқоршылық кеңестің;
- ата-аналар комитетінің;
- мектептің өзін-өзі басқару органдарының қатысуымен анықтайды.
Қабылданған шешім жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Мектеп формасына өзгеріс енгізілсе, ол да осы тәртіппен келісіледі.
Ата-аналар форманы кез келген жерден сатып ала алады
Қолданыстағы талапқа сәйкес, ата-аналар мектеп формасын кез келген сауда орнынан сатып алып, өндірушіні өздері таңдай алады.
Білім беру ұйымдары ата-аналарды белгілі бір дүкеннен немесе нақты өндірушіден мектеп формасын сатып алуға міндеттей алмайды.
Мектеп формасына қандай талаптар қойылады?
Ұлдар мен қыздарға арналған мектеп формасы:
- күнделікті;
- мерекелік;
- спорт киімі болып бөлінеді.
Форманы таңдауда оқушылардың жас ерекшелігі, климат жағдайы, оқу кабинеттерінің температурасы және қауіпсіздік талаптары ескеріледі.
Қауіпсіздік мақсатында мектеп формасында жарақат келтіруі мүмкін өткір фурнитуралар мен аксессуарлардың болуына жол берілмейді.
Мектеп ішінде бас киім киюге болмайды
Білім беру ұйымдарының ішкі тәртіп қағидаларына сәйкес, оқу ғимаратының ішінде бас киіммен жүруге рұқсат етілмейді.
Әлеуметтік осал отбасыларға қолдау көрсетіледі
2026–2027 оқу жылы қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың 450 мыңға жуық баласына мектеп формасын, аяқ киім мен оқу құралдарын сатып алуға көмек көрсетіледі.
Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге бөлінген.
Ата-аналарға қойылатын міндет
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, ата-аналар білім беру ұйымының жарғысында белгіленген қағидаларды және міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті.
