Басты бет / Білім /
ҚазҰУ, университет
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

2026 жылғы грант иегерлерінің тізімі белгілі болды

Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрлігі 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімін жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл 75 мыңнан астам талапкер еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Биыл грантқа 127 мыңға жуық өтініш түсті

Министрліктің мәліметінше, 2026 жылы мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 127 мыңға жуық өтініш түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға көп. Ведомство мұны жоғары білімге деген сұраныстың әлі де жоғары екенін көрсететін көрсеткіш деп бағалайды.

Мемлекеттік білім беру тапсырысы еңбек нарығындағы ұзақ мерзімді сұранысты ескере отырып қалыптастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, гранттардың 60%-ы инженерлік және техникалық мамандықтарға бөлінген.

Сонымен қатар өңірлерді кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында «Серпін» жобасы аясында 2 мыңнан астам грант Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстандағы жоғары оқу орындарына бөлінді.

Құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады

Министрлік гранттарды бөлу кезінде әлеуметтік осал топтарға арналған квоталар, халықаралық олимпиадалар мен ірі спорттық жарыстардың жеңімпаздарына берілетін гранттар, сонымен қатар мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға арналған 1816 грант сақталғанын хабарлады.

Мемлекеттік білім беру грантының электрондық куәлігі үш жұмыс күні ішінде Ұлттық тестілеу орталығының grant.testcenter.kz сайтында қолжетімді болады.
Ресми тізім мына ақпарат көздерінде жарияланды:

  • Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Facebook, Instagram парақшаларында және ресми сайтында;
  • Ғылым және жоғары білім министрлігінің Telegram, Facebook және Instagram ресми парақшаларында.

Жоғары оқу орындарына құжаттарды тапсыру 25 тамызға дейін (қоса алғанда) жүзеге асырылады.

Грант иегерлерінің тізімі

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram