Қазақстан мектептерінде жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу аясында екі оқу пәні атауы өзгертіледі. Оқу бағдарламалары жаңартылып, оқушыларға жасанды интеллект технологияларын меңгертуге бағытталған жаңа тақырыптар енгізіледі. Бұл өзгерістер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің жаңартылған мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен үлгілік оқу бағдарламаларында қарастырылған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қандай пәндердің атауы өзгереді?
Жаңа өзгерістерге сәйкес:
- 1–4 сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні – «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» деп аталады;
- 5–11 сыныптардағы «Информатика» пәні – «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгереді.
Оқушылар нені меңгереді?
Жаңартылған бағдарламаларға жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер енгізіліп, 43 жаңа оқу мақсаты қосылды.
Бастауыш сынып оқушылары жасанды интеллекттің күнделікті өмірдегі қолданылуымен танысып, цифрлық қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау негіздерін оқиды.
Орта буын оқушылары жасанды интеллект құралдарын оқу барысында тиімді пайдалануды, нейрожелілерге дұрыс сұраныс (prompt) құруды, олардың жауаптарын сыни тұрғыдан бағалауды, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаларын меңгереді.
Жоғары сынып оқушылары машина оқыту, нейрон желілері, деректерді талдау және қолданбалы криптографияның негіздерін оқитын болады.
Өзгерістер қашан күшіне енеді?
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңартылған оқу бағдарламалары апробациядан өтіп, оң сараптамалық қорытынды алған. Қазіргі уақытта құжаттар бекіту сатысында. Мұғалімдерге арналған жасанды интеллекті оқу процесінде қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр.
