Қазақстан футбол федерациясы нидерландтық маман Жон ван’т Шкиппен ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне қатысты келісімге келді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Тағайындау атқарушы комитеттен кейін рәсімделеді
Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, маманның тағайындалуы ҚФФ жарғысына сәйкес атқарушы комитеттің келісімінен кейін ресми түрде бекітіледі. Комитет отырысынан соң тараптар келісімшартқа қол қояды.
Жон ван’т Шкип футболшы ретінде Амстердамның «Аякс» және Италияның «Женоа» клубтарында өнер көрсеткен. Сонымен қатар Нидерланд ұлттық құрамасының сапында ойнап, 1988 жылы Еуропа чемпионы атанған.
Жаңа бапкердің тәжірибесі қандай?
Бапкерлік мансабын «Аякс» жүйесінде бастаған Жон ван’т Шкип кейін клубтың бас бапкері болды. Сонымен қатар «Твенте», «Зволле», Мексиканың «Гвадалахара» және Аустралияның «Мельбурн Сити» клубтарын жаттықтырды.
2016 жылы «Мельбурн Сити» командасымен Аустралия кубогын жеңіп алған. Ал халықаралық деңгейде Грекия және Армения ұлттық құрамаларының бас бапкері қызметін атқарған.
Қазақстан құрамасының жаңа бапкерлер штабы да белгілі болды. Бас бапкердің көмекшілері болып Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов тағайындалды. Қақпашылармен Юрий Новиков, дене даярлығына Вадим Боровский, ал сарапшы бапкер ретінде Тимур Құсайынов жұмыс істейді.
