Басты бет / Білім /
мектеп ,оқушы, алғашқы қоңырау, мұғалім
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Министрлік БЖБ мен ТЖБ-дан бас тартуды ұсынды. Кімдерге қатысты?

Қазақстанда 2-4-класс оқушылары үшін бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалау (ТЖБ) алып тасталуы мүмкін. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Тиісті өзгерістер оқу-ағарту министрінің бұйрық жобасында ұсынылып, қоғамдық талқылауға шығарылды.

Оқушылардың білімі қалай бағаланады?

«Ашық НҚА» порталында жарияланған құжат бойынша, енді 2-4-класс оқушыларының оқу жетістіктері қалыптастырушы бағалау, тақырыптық және қорытынды бақылау жұмыстары арқылы бағаланбақ. Бұл жұмыстардың нәтижесі тоқсандық бағаны қою кезінде ескерілетін болады.

Министрлік бұған дейін оқушылардың білімі диктант, мазмұндама, бақылау, практикалық және шығармашылық жұмыстар арқылы тексерілетінін хабарлаған. Ал 5-11 (12)-кластарда қолданыстағы бағалау жүйесі өзгеріссіз қалады. Яғни бұл кластарда БЖБ мен ТЖБ сақталады. Сонымен қатар 1-класс оқушыларына бұрынғыдай баға қойылмайды.

Министрлік мұның себебін түсіндірді

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бастама ата-аналар мен педагогтардың ұсыныстары негізінде әзірленген.

Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп жүргізілген талдау нәтижесінде БЖБ мен ТЖБ бастауыш класс оқушыларының оқу жетістігін толық көрсете алмайтыны анықталған. Сонымен қатар бұл бағалау түрлері балаларға қосымша оқу және психологиялық жүктеме түсіретіні айтылды.

Құжат 21 тамызға дейін қоғамдық талқылауда болады. Егер ұсыныс қабылданса, жаңа бағалау тәртібі 2-4-класс оқушыларына қатысты енгізіледі.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram