Басты бет / Жаңалықтар /
түрме, қылмыс, сот, сотталды, колония
Фото: Depositphotos.com

Абай облысында бұрынғы әйелін битамен өлтірген ер адам 12 жылға сотталды

Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұрынғы әйелін аса қатыгездікпен өлтірген ер адамға үкім шығарды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қызғаныштан болған қылмыс

Сот материалдары бойынша, қайғылы оқиға биыл 17 сәуірде болған. Мас күйде үй ауласында отырған сотталушы бұрынғы жұбайын қызғанып, ағаш битаны алып оның соңынан жүгірген. Әйел қашып құтыла алмаған. Ер адам оны бірнеше рет ұрып, ауыр дене жарақатын салған. Жәбірленуші оқиға орнында қаза болған.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Ал марқұмның ағасы жаза тағайындау мәселесін соттың қарауына қалдырған.

Сот 12 жылға бас бостандығынан айырды

Сот ер адамды кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар сотталған азамат жәбірленуші тарапқа 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

Бұдан бөлек, Семей қаласының қорғаншылық және қамқоршылық органына сотталғанның кәмелетке толмаған екі баласына қатысты ресми қорғаншылық мәселесін шешу тапсырылды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram