Астанада тұрғын үй кешенінің ауласында алкоголь ішіп, жаңбырдан жиналған шалшықтың суын балаларға қарай теуіп шашқан екі ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қамауға алынды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бейне әлеуметтік желіден анықталды
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға әлеуметтік желілерге жүргізілген мониториң барысында анықталған. Бейнежазбада екі ер адамның тұрғын үй кешенінің ауласында алкогольдік ішімдік ішіп, жаңбырдан жиналған шалшықтың суын балаларға қарай теуіп шашып жүргені көрінеді.
Тексеру нәтижесінде олардың жеке басы анықталды. Олар – 37 жастағы Алексей Свиридов пен 35 жастағы Владимир Логвин.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сот екі азаматты әкімшілік қамауға алды
Полицияның хабарлауынша, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін екі азаматқа қатысты ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік іс қозғалған.
Сот шешімімен Алексей Свиридов 25 тәулікке әкімшілік қамауға алынса, Владимир Логвин 7 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция қоғамдық орындарда азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін ескертті. Ведомствоның мәліметінше, қоғамдық тәртіпті бұзатын кез келген құқыққа қайшы әрекетке заң аясында қатаң құқықтық баға беріледі.
