Көкшетауда неке қию рәсімінен кейінгі мереке жас жұбайлар үшін полиция бөлімінде аяқталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Полицияның мәліметінше, мас күйдегі күйеу жігіт әйеліне қол көтеріп, кейін уақытша ұстау изоляторында да тәртіп бұзған.
Жанжал туралы полицияға жасөспірімдер хабарлаған
«102» арнасына қоғамдық орында өзін агрессивті ұстаған ер адам туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен полицейлерге кәмелетке толмағандар оның мас күйде болғанын және жанындағы әйелді ұрғанын айтқан.
Полицияның мәліметінше, ер адам ұсталған кезде балағат сөздер айтып, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған әрі медициналық куәландырудан өтуден бас тартқан. Осыған байланысты оған әкімшілік хаттамалар толтырылған.
Ал оның жұбайы да медициналық куәландыру қорытындысы бойынша орташа дәрежеде мас болған. Ол қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Изоляторда мемлекеттік мүлікке зиян келтірген
Уақытша ұстау изоляторына жеткізілгеннен кейін де ер адам құқыққа қайшы әрекеттерін тоқтатпай, камерадағы мемлекеттік мүлікке зиян келтірген. Осыған байланысты оған ұсақ бұзақылық жасағаны үшін тағы бір әкімшілік хаттама рәсімделді. Сонымен қатар соттың шешімімен билік өкілін қорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды, — делінген хабарламада.
Кейін полицейлер ерлі-зайыптылардың дәл сол күні ресми түрде некесін тіркегенін анықтаған. Салтанатты рәсімнен кейін олар мерекені атап өтуді ұйғарғанымен, ішімдік соңы жанжалға ұласып, полицияның араласуына себеп болған.
