Басты бет / Жаңалықтар /
Қайсар Қамза
Фото: Instagram/qais_arr

Заңсыз онлайн-казино ісі: блогер Қайсар Қамза Қазақстанға жеткізілді

Халықаралық іздеуде жүрген блогер Қайсар Қамза Виетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды. Ол заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға жәрдемдесті деген күдікке ілінген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Күдікті заңсыз онлайн-казиноны жарнамалаған

Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті Қазақстанның Виетнамдағы елшілігінің қолдауымен елге жеткізілген. Ол Қазақстан ІІМ Интерпол ұлттық орталық бюросының сұрауы бойынша Виетнамда ұсталған.

Тергеу нұсқасы бойынша, 2025 жылғы қаңтарда күдікті әлеуметтік желілердегі парақшалары мен мессенджерлер арқылы заңсыз интернет-казиноны ақылы түрде жарнамалап, Қазақстан азаматтарын құмар ойындарға тартқан.

Ведомствоның мәліметінше, интернет-казиноны жарнамалағаны үшін оның криптовалюта әмиянына шамамен 200 мың АҚШ доллары түскен.

Қылмыстық топ 106 млрд теңгеден астам табыс тапқан

Тергеу деректері бойынша, 2021–2025 жылдары қылмыстық топ бірнеше заңсыз онлайн-казиноның жұмысын ұйымдастырып, төлем терминалдары арқылы 106 млрд теңгеден астам заңсыз табыс тапқан.

Қазір бұл іс бойынша тоғыз күдікті қамауда, ал қалғандары, оның ішінде экстрадицияланған азамат та, халықаралық іздеуге жарияланған. Экстрадиция рәсімінен кейін күдікті Қазақстанға жеткізіліп, тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айып бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы көзделген.

Бұған дейін журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында экстрадицияланған адамның блогер Қайсар Қамза екенін хабарлаған. Оның айтуынша, Камрань әуежайында түсірілген фотоларда блогердің Қазақстанға қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерінің алып жүруімен жеткізіліп бара жатқаны көрінеді. Алайда бас прокуратура экстрадицияланған азаматтың аты-жөнін ресми түрде жариялаған жоқ.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram