Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнел кейінгі уақытта өзіне қатысты әлжеліде тараған қауесеттерге алғаш рет пікір білдірді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ол кең көлемді сұхбатында екінші рет отбасын құруына байланысты қоғамда айтылып жүрген түрлі пікірлерге тоқталды. Әлжеліде тараған «қалыңдығы жүкті болғандықтан, марқұм жұбайының қазасына бір жыл толмай жатып үйленді» деген әңгімеге де жауап берді. Алайда ол бұл ақпаратты нақты растаған да, жоққа шығарған да жоқ.
Оның айтуынша, қазіргі жұбайымен биылғы сәуір айында танысқан.
«Барлығы – Алланың қалауымен», – деді ол.
Әділет Зейнел кейінгі күндері өзіне қатысты түрлі болжам мен айыптаулардың көбейгенін айтып, көпшілік оның жеке өміріне құрметпен қарағанын қалайтынын жеткізді.
Еске салайық, жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қараша айында Астанада шақырту кезінде тұрғын үйдің қасбеті құлаған жерде зардап шеккендерге көмек көрсетіп жүрген сәтте үстіне кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер оның өмірі үшін бірнеше күн күрескенімен, 23 жастағы маман көз жұмды. Кейін Мемлекет басшысының Жарлығымен ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Кейінгі күндері Әділет Зейнелдің қайта үйленуіне қатысты әлеуметтік желіде қызу пікірталас өрбіді. Бұған дейін марқұмның анасы да арнайы мәлімдеме жасап, бұрынғы күйеу баласының әрекетіне қатысты өз көзқарасын білдірген болатын.
