Абай облысында TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығып, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпке қайшы әрекет жасаған Семей тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Полицияның мәліметінше, тексеру барысында құқық бұзушының 53 жастағы Семей тұрғыны Жанат Әбеуова екені анықталған. Сот шешімімен ол әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін айыппұл төлеуге міндеттелді.
Ведомство интернет кеңістігінде жасалған құқық бұзушылықтардың да заң аясында қаралатынын еске салды.
Полицияның айтуынша, әлеуметтік желілердегі заңсыз әрекеттерді анықтау және олардың жолын кесу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
