Басты бет / Білім /
Назарбаев университеті, ашық есік күні, талапкер
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Биыл білім гранты көп бөлінген мамандықтар белгілі болды

Қазақстанда 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу науқаны аяқталды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл да мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру кезінде еңбек нарығында сұраныс көп мамандарды даярлауға басымдық берілген. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Гранттың басым бөлігі бағытталған мамандық

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есінбаеваның айтуынша, гранттар ел экономикасына қажет кадрларға сұраныс негізінде үлестірілген.

Оның мәліметінше, биыл мемлекеттік білім беру гранттарының 60%-ы инженерлік-техникалық бағытқа, 20%-ы педагогика мамандықтарына, ал қалған 20%-ы басқа білім беру бағытына бөлінді.

Министрлік байқау негізде 75 мың мемлекеттік грант тағайындалғанын хабарлады. Гранттарды бөлу кезінде талапкерлердің ұлттық бірыңғай тестілеуден алған балы, таңдаған білім беру бағдарламасы мен жоғары оқу орны, сонымен қатар заңнамада көзделген жеңілдік санаты ескерілді.

Қандай мамандықтарға қызығушылық жоғары болды?

Ғылым және жоғары білім министрлігі талапкерлер арасында сұраныс көп білім беру бағдарламаларын атады. Олардың қатарында:

  • аударма ісі;
  • халықаралық қатынастар;
  • құқық;
  • психология;
  • қаржы;
  • педагогика бағыттары бар.

Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, биыл мемлекеттік гранттар байқауына 127 мыңнан астам өтініш түскен.

Ол талапкерлердің басым бөлігі «Педагогика ғылымы», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс саласы» және «Ақпараттық-коммуникациялық технология» бағытын таңдағанын айтты.

Грантты кімдер бөлді?

Мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу жөніндегі байқау қорытындысы республикалық байқау комиссиясының отырысында бекітілді.

Министрдің айтуынша, комиссия құрамына қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдар өкілдері, білім саласындағы кәсіподақтар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жоғары оқу орындары қауымдастығы және қоғамдық ұйымдардың өкілдері енген.

Комиссия отырыстарында талапкерлердің барлық өтініші қолданыстағы заңнама талабы бойынша қаралып, мемлекеттік гранттар байқау нәтижесі бойынша үлестірілген.

Грант иегерлерінің тізімі қашан жарияланады?

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсының нәтижесі министр Саясат Нұрбектің ресми әлеужелідегі парақшасында және министрліктің ресми ақпарат ресурстарында жарияланады.

Естеріңізге салайық, грант иегерлерінің толық тізімі 7 тамыз күні сағат 15:00-де белгілі болады.

Министрлік жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасатынын еске салды.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram