Алматыда «Almaty Business – 2030» өңірлік бағдарламасы аясында кәсіпкерлер шағын және микробизнесті дамыту үшін жылдық 6% немесе 9% мөлшерлемемен (ЖТСМ) жеңілдетілген несие ала алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бағдарламаны «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының еншілес ұйымы – «Almaty» микроқаржы ұйымы жүзеге асырады.
Несие шарттары қандай?
Бағдарлама бойынша бір қарыз алушыға берілетін несиенің ең жоғары сомасы 86,5 млн теңгеге дейін.
- Инвестициялық мақсаттарға – жеті жылға дейін;
- Айналым қаражатын толықтыруға – үш жылға дейін.
Жылдық 6% мөлшерлемемен (ЖТСМ – 6,2%-дан 6,6%-ға дейін) несие арнайы салық режимін қолданатын кәсіпкерлерге, әлеуметтік кәсіпкерлерге, Алматы индустриялық аймағы мен шағын өнеркәсіп парктерінің резиденттеріне, сонымен қатар креативті индустрия, инновациялық инфрақұрылым, жәрмеңкелер, гастрокөшелер және коворкиң орталықтары бағытындағы жобаларға ұсынылады.
Ал жылдық 9% мөлшерлемемен (ЖТСМ – 9,5%-дан 9,9%-ға дейін) шағын және орта бизнестің өзге жобалары қаржыландырылады.
Қандай кәсіпкерлер қатыса алады?
Жеңілдетілген несие бағдарламасы мынадай басым салаларға арналған:
- өндіріс және өңдеу өнеркәсібі;
- туризм;
- уақытша орналастыру қызметтері;
- креативті және IT-индустрия;
- мектепке дейінгі білім беру;
- қоғамдық тамақтану саласындағы бірегей жобалар, оның ішінде ұлттық тағам ұсынатын мейрамханалар;
- Алматы тау кластері мен гастрокөшелерді дамытуға бағытталған жобалар.
Бағдарламаға қатысудың негізгі шарты – кәсіпкерлік қызметті Алматының аумағында жүргізу. Жеңілдетілген несиелеу туралы толық ақпаратты +7 (727) 390-80-42 телефоны арқылы немесе mfoalmaty.kz сайтынан алуға болады.
