Интернет-алаяқтар балаларды алдау үшін ойын платформаларын, әлеужелі мен мессенжерлерді жиі пайдаланады. Олар жалған сыйлық, бонус немесе тиімді ұсыныстар арқылы сенімге кіріп, жеке мәлімет пен банк картасының дерегін алуға әрекет етеді. Осыған орай Baribar.kz баланы интернет алаяқтардан қалай қорғауға болатыны жайлы қаржы агенттігінің ұсынған кеңесін жазып отыр.
Алаяқтар жиі қолданатын тәсіл
Жалған сыйлықтар мен ұтыстар
Ең жиі кездесетін схеманың бірі — ұтыс туралы жалған хабарлама жолдау. Алаяқ балаға бағалы сыйлық немесе сыйақы ұтып алғанын айтып, оны рәсімдеу үшін күмәнді сілтемеге өту, жеке мәліметті немесе банк картасының дерегін енгізуді талап етеді.
Жақын адам болып хабарласу
Кей жағдайда алаяқтар баланың досының, туысының немесе танымал блогердің атын жамылады. Олар сенімге кіріп, ақша аударуды, SMS арқылы келген растау кодын айтуды немесе белгілі бір тапсырманы орындауды сұрауы мүмкін.
Қауіпті ойындар мен қолданбалар
Балаларға ойынның ақылы нұсқасын тегін пайдалануға, жарнамасыз нұсқасын орнатуға немесе ерекше функциясы бар қолданбаларды жүктеуге ұсыныс жасалады. Алайда мұндай файлдардың ішінде мобайл құрылғыға зиян келтіретін бағдарлама болуы мүмкін. Олар телефондағы ақпаратты көшіріп алып, ақпарат алаяқтың қолына түседі.
Жалған сайттар мен сілтемелер
Алаяқтар танымал ойын платформаларының, интернет-дүкендердің немесе онлайн сервистердің көшірмесіне ұқсас жалған сайттар жасайды. Мұндай парақшалар арқылы қолданушылардың жеке дерегі мен банк картасы дерегі жиналады.
Геолокация мен жеке ақпарат
Кей қолданба қолданушыдан орналасқан жеріне, байланыс нөміріне, фотосуреттеріне және басқа да деректеріне қол жеткізуге рұқсат сұрайды. Мұндай мәлімет алаяқтың қолына түссе, ол отбасы туралы толық ақпарат алып, кейін оны жаңа схема ретінде қолдануы мүмкін.
Смартфон арқылы банк есепшотын бұзу
Баланың смартфоны ата-анасының банк қолданбаларымен немесе төлем сервистерімен байланысқан болса, қауіп көп. Құрылғыға арнайы бағдарлама орнатылса, алаяқ қаржы ақпаратына, банк қолданбаларына және жеке деректерге қол жеткізуі мүмкін. Сондықтан баланың банк есепшотын тексеріп, интернеттегі саудаға шектеу қоятын функция қосқан жөн.
Ата-аналар нені ескеруі керек?
Қаржы агенттігі мұндай қауіпті болдырмас үшін бірнеше қарапайым ережені естен шығармауды ұсынады:
- балалармен интернеттегі қауіпсіздік туралы үнемі сөйлесу;
- жеке деректерді, құпиясөздерді және растау кодтарын ешкімге беруге болмайтынын түсіндіру;
- қолданбаларды тек ресми платформалардан жүктеу;
- антивирус қолданбаларды пайдаланып, құрылғының бағдарлама жасақтамасын уақытында жаңартып отыру;
- ата-ана бақылауы функциясын қосу;
- қолданбаға тіркелер кезде қандай дерек сұралатынын ескеру;
- балалардың цифрлық және қаржылай сауатын дамыту.
Күдікті хабарлама келсе, не істеу керек?
Балаға интернет арқылы күмәнді хабарлама, қоңырау немесе қандай да бір ұсыныс түссе, бірден ата-анасына немесе сенімді ересек адамға хабарлағаны дұрыс.
Мамандардың айтуынша, балаларға интернеттегі қауіпсіздік ережесін ерте жастан үйрету — оларды алаяқтардан қорғаудың ең тиімді жолы. Ал цифрлық сауат қалыптастыру отбасының қаржысын сақтап қана қоймай, жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де көмектеседі.
Интернеттегі қауіпсіздік пен қаржылай сауатқа қатысты қосымша пайдалы ақпаратты Fingramota.kz порталынан көруге болады.
***
Тағы оқыңыз:
