10 тамыз – ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Астанада кең ауқымды мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Астана әкімдігінің мәліметінше, бағдарламаға әдеби-сазды кештер, форумдар, кітап көрмелері, театр қойылымдары, шығармашылық байқаулар, зияткерлік ойындар және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған басқа да жобалар енген.
Абай күніне дейінгі іс-шаралар
- 6 тамызда №87 мектеп-гимназиясында «Жүрегімнің түбіне терең бойла…» әдеби-сазды кеші, Тәттімбет атындағы №1 балалар өнер мектебінде «Көңілім әнді ұғады» шығармашылық алаңы өтеді. Сонымен қатар тоғызқұмалақтан «Арқа Alan кубогы», кітапханалардағы поэзия сағаттары ұйымдастырылады.
- 7 тамызда «Руханият» орталығында Абайдың қара сөздері мен мұрасына арналған дөңгелек үстелдер, өлеңдерді талдау сабақтары, мәнерлеп оқу кештері мен кітап көрмелері өтеді.
- 7–9 тамыз аралығында елордалық Арбатта «Әнді сүйсең, менше сүй» атты қазақша караоке жобасы ұйымдастырылып, қатысушылар Абай әндерін бірге орындай алады.
- 8 тамызда балалар кітапханасында мәнерлеп оқу шарасы, ал «Жетісу» саябағында Абай күніне арналған зияткерлік-танымдық акция өтеді.
10 тамыз – Абай күні
Мерекелік күн сағат 09:00-де Абай ескерткішіне гүл қою рәсімімен басталады.
10:30-да Ұлттық академиялық кітапханада «Сөз өнері. Жасампаз жас қалам» республикалық жас жазушылар форумы ұйымдастырылады.
11:00-де №5 балалар кітапханасында «Қара сөзден ой түйген дана Абай» атты әдеби кеш өтеді.
Ал 17:00-де қалалық әкімдік алдындағы амфитеатрда «Желсіз түнде жарық ай» әдеби-сазды кеші ұйымдастырылады. Бағдарламада ашық микрофон, ұлттық ойындар және Абайдың әндері мен өлеңдерінің дәстүрлі әрі заманауи орындаулары ұсынылады.
Театр қойылымдары да сахналанады
Тамыз айында «Руханият» орталығында Абай шығармашылығына арналған ашық сабақтар жалғасады. Ал жыл соңына дейін елорда тұрғындары мен қонақтарына Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған бірнеше спектакль ұсынылады. Олардың қатарында Abai-La, «Абай–Тоғжан», «Жас Абай» және «45» қойылымдары бар.
