Әнші Димаш Құдайберген жаңа әлемдік DiMENSIONS турының басталғанын жариялады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
DiMENSIONS жобасының ерекшелігі
Өнерпаздың ресми сайтында жарияланған мәлімет бойынша, жаңа жоба көрерменге Димашты тек ерекше дауыс иесі ретінде ғана емес, тұлға ретінде де жаңа қырынан танытуды көздейді.
Жоба авторларының айтуынша, DiMENSIONS атауы Димаштың әнші, композитор және продюсер ретіндегі көпқырлылығын білдіреді. Сонымен қатар концерттік бағдарлама оның сахна сыртындағы болмысын, өмірлік ұстанымын және шығармашылық жолын жан-жақты ашуға бағытталған.
Концерттің негізіне өмір жолы арқау болған
Бағдарламаның өзегіне өнерпаздың өмір жолы, мәдени тамыры, ішкі толғанысы, өзін тануға ұмтылысы мен шығармашылық ізденісі арқау болған. Музыка, эмоция және естеліктер арқылы көрерменге орындаушының ішкі әлемі кезең-кезеңімен таныстырылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрермендер Димаштың өміріндегі жекелеген сәттерді ғана емес, туған жерге деген сүйіспеншілігі, шынайылығы, өмірлік қағидаттары және жаңа белестерді бағындыруға деген талпынысы тоғысқан тұтас шығармашылық оқиғаны тамашалайды.
Әлем Димашты әлдеқашан ерекше дауысымен таныды. Ал бұл концерт сол дауыстың ар жағындағы адамды көрсетуді, өнерпаздың болмысын тереңірек ашуды мақсат етеді, – деді ұйымдастырушылар.
