25 тамыздан бастап Қазақстанда 65 жасқа толған жүргізушілерге қатысты жаңа талап күшіне енеді. Енді екі жыл сайын міндетті медицина тексерісінен өтпеген жүргізушілер жүргізуші куәлігін уақытша қолдана алмауы мүмкін. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
65 жасқа тола сала, медицина қарауынан өту керек пе?
Бұл өзгеріс «Жол жүрісі туралы» заңға енген. Заңның 75-бабы толығып, цифрлық жүйеде жүргізушінің медицина тұрғысынан көлік айдай алатыны туралы мәлімет болмаса, жүргізуші куәлігін уақытша қолдана алмайтыны көрсетілген.
Естеріңізге салайық, жасы үлкен жүргізушілердің медицина тексерісінен өту талабы заңда 2014 жылдан бері бар. Алайда бұған дейін бұл талаптың орындалмауы жүргізуші куәлігінен шектуге әсер етпейтін. Енді талапты орындамаса, жүргізуші құжатын уақытша қолдана алмайды.
Kolesa.kz дерегінше, 65 жасқа толған азаматтарға туған күнінен кейін бірден тексерістен өту міндеттелмейді. Ішкі істер министрлігінің айтуынша, алғашқы міндетті медицина тексерісінен 67 жасқа дейін екі жыл ішінде өтуге болады.
Берілетін медицина анықтамасы екі жылға жарамды. Сондықтан келесі тексерістен 69, 71, 73 жаста және одан кейін екі жыл сайын өту керек.
Қандай дәрігерлердің тексерісінен өту қажет?
65 жастан асқан жүргізушілер мына мамандардың медицина комиссиясы қорытындысын алуға тиіс:
- жалпы практика дәрігері (терапевт);
- психиатр;
- офтальмолог;
- оториноларинголог (құлақ-тамақ-мұрын дәрігері).
Бұл — жүргізуші куәлігін алғаш алатын азамат өтетін тексеріспен бірдей. Жүргізуші комиссия қорытындысына келіспесе, оны заңда белгіленген тәртіппен шешуге құқылы.
Тексеру аяқталғаннан кейін №073/у медициналық анықтамасы рәсімделеді. Қосымша 3*4 көлеміндегі фотосурет қажет.
Қандай анықтамаларды өзіңіз алуыңыз керек?
Жүргізуші медицина тексерісіне дейін eGov.kz порталы немесе Kaspi.kz қолданбасы арқылы психоневрология және наркология есебінде тұрмайтыны туралы анықтама алуы қажет. Бұл анықтамалар тегін беріледі.
Медицина тексерісі қанша тұрады?
Медицина комиссиясынан өтудің сомасы әр жерде әртүрлі. Қызмет құны әрбір медицина ұйымы белгілеген бағасына қарай өзгереді.
Орта есеппен, медицина тексерісінің құны — 5 мыңнан 10 мың теңгеге дейін.
***
Тағы оқыңыз:
