Алматыдан Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзған Үндістанның 35 азаматы ел аумағынан шығарылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
35 шетел азаматы депортацияланды
Полицияның мәліметінше, аталған азаматтар Қазақстан аумағында рұқсат етілген болу мерзімін асырып жіберген.
Көші-қон қызметі жүргізген арнайы іс-шаралар барысында олардың жүрген жері анықталып, ұсталды. Сот шешімімен заң бұзушылардың барлығы Қазақстан аумағынан шығарылды. Полиция қызметкерлері Үндістанның 35 азаматын Алматы халықаралық әуежайындағы шекаралық және паспорттық бақылаудан өткенге дейін алып жүрген, — делінген хабарламада.
Қабылдаушы тараптар да жауапқа тартылды
Сонымен қатар шетел азаматтарының белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін Қазақстаннан уақытылы шығуын қамтамасыз етпеген қабылдаушы тараптар да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көші-қон заңнамасын сақтау Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетел азаматтары үшін де, оларды қабылдаушы тұлғалар үшін де міндетті. Бұл бағыттағы бақылау жұмыстары жалғасады, – деп мәлімдеді полиция.
