Басты бет / Білім /
ауа райы, жаңбыр, жасөспірім, студент
Фото: Нұрназар Әмзе/Baribar.kz

Білім гранттары: «Конкурс қорытындысы 7 тамызда сағат 15:00-де жарияланады»

2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсының қорытындысы 7 тамыз күні сағат 15:00-де жарияланады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бүгін мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның отырысы өткен. Комиссия құрамында мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындары қауымдастығының, білім саласы кәсіподақтарының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық ұйымдардың және қоғам қайраткерлерінің өкілдері жұмыс істеген.

Комиссия талапкерлердің өтініштерін қарап, мемлекеттік білім беру гранттарын қолданыстағы қағидаларға сәйкес конкурс негізінде бөлді.

Биыл грант конкурсына қатысу үшін 127 мыңнан астам өтініш қабылданған. Талапкерлердің басым бөлігі «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыттарын таңдаған.

Қабылдау науқанының алдын ала қорытындысына сәйкес, аудармашы, дипломат, заңгер, психолог және педагог мамандықтарына грантқа бәсекелестік ең жоғары болады деп күтіледі.

Министрдің мәліметінше, мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсының нәтижелері 7 тамыз күні сағат 15:00-де оның ресми әлжелідегі парақшасында, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының ресми ақпараттық ресурстарында жарияланады.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram