Мемлекет басшысының елдегі кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында Астанада ауқымды «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы бастау алды. Бастаманы жүзеге асыру мақсатында елорда әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Ауқымды құжатқа Астана қаласы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков қол қойды.
Елордада қандай іс-шаралар өтеді?
Осы күзден бастап бас қалада республикалық марафон аясында бірқатар маңызды ағартушылық жобалар іске қосылады:
- Әдеби кездесулер мен авторлармен ашық сұхбаттар;
- Көпшілік оқулары мен интерактивті кітап жобалары;
- Танымдық акциялар мен мәдени басқосулар.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді бұл бастаманың қала үшін стратегиялық маңызына тоқталды:
«Астана үшін кітап оқу мәдениетін дамыту – адами капитал мен қаланың зияткерлік әлеуетіне салынған инвестиция. Біз кітапты елорда тұрғындарының күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруға жағдай жасауды көздейміз. «Кітап оқитын ұлт» жобасы түрлі буын өкілдерін білім, ағарту және мәдени құндылықтар төңірегінде біріктіреді деп сенемін», — деді ол.
Марафон Қазақстанның барлық өңірін қамтиды
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков елорданың жобаға бірінші болып қосылуының символдық мәні зор екенін айтты:
«Марафонның басталуына небәрі бір ай қалды және дәл осы кезеңде елорданың жобаға қосылғаны өте маңызды. Астана оқыса, бүкіл елге үлгі болады. Қала марафонның көшбасшыларының біріне айналып, мыңдаған адамды кітап әлемін жаңадан тануға шабыттандырады деп сенемін», — деді Бақытжан Тұрлыбеков.
Республикалық марафон қыркүйек айында ресми түрде басталып, елдің барлық өңірінде өтеді. Негізгі мақсат — халықтың оқуға қызығушылығын арттыру, отандық әдебиетті қолдау және қоғамда өзін-өзі дамыту мәдениетін орнықтыру.
IT мен заманауи платформалар кітап оқуды жеңілдетеді
Бастаманы жүзеге асыруға Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, Yandex Qazaqstan және «Яндекс Книги» сервисі серіктес болып отыр. Олар цифрлық технологиялар мен онлайн-сервистерді қолдана отырып, кітаптардың қолжетімділігін арттыруға және заманауи әдеби жобаларды қолдауға атсалысады.
