Қазақстанда мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Оның қорытындысы бойынша білім грантын жеңіп алған талапкерлердің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін 127 мыңнан астам өтінім түскен.
Талапкерлер арасында сұраныс көп бағыттар:
- педагогикалық ғылымдар;
- инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары;
- ақпараттық-коммуникациялық технологиялар.
Министрлік қабылдау науқанының алдын ала қорытындысына сәйкес, биыл аударма ісі, халықаралық қатынастар (дипломатия), құқықтану, психология және педагогика мамандықтарына конкурс жоғары болатынын атап өтті. Бұл бағыттарда бір гранттық орынға бірнеше талапкер таласады.
Білім беру гранттарын тағайындау конкурсының қорытындысы 10 тамызға дейін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Ұлттық тестілеу орталығының ресми әлжелідегі парақшаларында жарияланады.
Айта кетейік, жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.
