Басты бет / Білім /
студент, студенттер
Фото: Алматы әкімдіігі

Студенттер шәкіртақысын төлеу тәртібі өзгереді: 15 тамыздан бастап жаңа жүйе іске қосылады

Қазақстанда мемлекеттік шәкіртақыны тағайындау және төлеу тәртібіне өзгерістер енгізілді. Енді жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттеріне төленетін шәкіртақы «Жоғары білімнің бірыңғай платформасы» арқылы рәсімделеді. Шәкіртақы мөлшерлері де жаңартылды. Бұл туралы Үкіметтің 2026 жылғы 31 шілдедегі қаулысында көрсетілген.

Шәкіртақы қалай төленеді?

Жаңа қағидаға сәйкес, жоғары оқу орындары шәкіртақы алушылар туралы мәліметтерді, оның ішінде:

  • студенттің оқу нәтижелерін;
  • алушының санатын;
  • банк шотының деректерін

ай сайын 12-сінен кешіктірмей «Жоғары білімнің бірыңғай платформасына» енгізуге міндетті. Бұл күн демалысқа сәйкес келсе, мәліметтер келесі жұмыс күні жолданады.

Оператор қажет ақпаратты алғаннан кейін 5 жұмыс күні ішінде қаржыландыруға өтінім береді. Ал уәкілетті мемлекеттік орган қаражатты 3 жұмыс күні ішінде операторға аударады.

Студенттер туралы енгізілген мәліметтердің дұрыстығына жоғары оқу орындары жауапты болады. Қате ақпарат салдарынан шәкіртақы артық төленсе, оқу орны бұл қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз етуге тиіс.

Жаңа шәкіртақы мөлшерлері

Жаңартылған қаулыға сәйкес мемлекеттік шәкіртақының ай сайынғы мөлшері төмендегідей болады:

  • ЖОО студенттері (педагогика және денсаулық сақтау мамандықтарынан басқа) – 52 372 теңге;
  • Педагогикалық және денсаулық сақтау бағытындағы студенттер – 84 000 теңге;
  • Интерндер – 94 862 теңге;
  • Магистранттар – 117 098 теңге;
  • Назарбаев университетінің магистранттары – 218 750 теңге;
  • Резидент-дәрігерлер мен «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша магистранттар – 134 664 теңге;
  • Докторанттар – 262 500 теңге;
  • Дайындық бөлімдерінің тыңдаушылары – 44 516 теңге.

Жаңа тәртіп 2026 жылғы 15 тамыздан бастап күшіне енеді.

Мақала туралы ойыңыз?

Facebook парақшамызға жазылыңыз

Facebook