Бүгін Алматы хайуанаттар бағында ерекше күн. Экзотариумның ең танымал тұрғындарының бірі – кубалық қолтырауын Фидель 40 жасқа толды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Фидельге ерекше сый дайындалды
Фидель 1986 жылы дүниеге келген. Ал 2001 жылы Рига хайуанаттар бағынан Алматыға әкелінген. Содан бері ол келушілер мен қызметкерлердің сүйікті жануарларының біріне айналды. Қазір оның ұзындығы шамамен төрт метр.
Мерейтойға орай Фидельге ерекше сый әзірленді. Қолтырауындар тәтті жемейтіндіктен, мерекелік «торт» оның сүйікті асы – сиыр етінен жасалды. Бұл жануардың табиғи қоректену ерекшелігіне толық сәйкес келеді.

Фидель аптасына бір-ақ рет тамақтанады
Алматы хайуанаттар бағы Экзотариум бөлімінің басшысы Александр Гурневтің айтуынша, Фидельдің жағдайы жақсы, тәбеті де қалыпты, ол мамандардың тұрақты бақылауында.
Мамандардың айтуынша, кубалық қолтырауындардың зат алмасу ерекшелігіне байланысты олар қорегін ұзақ уақыт қорытады. Сондықтан Фидельге аптасына бір рет қана азық беріледі. Әдетте оны әр сейсенбі күні сағат 14:00–15:00 аралығында тамақтандырады және бұл сәтті келушілер тамашалай алады.
Хайуанаттар бағының мәліметінше, дұрыс күтім жасалған жағдайда кубалық қолтырауындар 40 жастан да ұзақ өмір сүре алады. Осы уақыт ішінде Фидель тек зообақтың тұрғыны ғана емес, сирек кездесетін жануарларды қорғаудың маңызын насихаттайтын ерекше символға айналған.
