Ақмола облысында азаматтардың жеке деректерін пайдаланып, шамамен 2 млрд теңге көлемінде заңсыз несие рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топтың 21 мүшесіне сот үкімі шықты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
2 млрд теңге көлемінде заңсыз несие рәсімдеген
Прокуратураның мәліметінше, тергеу барысында қылмыстық топ мүшелері азаматтардың жеке деректерін заңсыз пайдаланып, алдау арқылы екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарынан заңсыз несие рәсімдегені анықталған.
Олардың қылмыстық әрекеттерінің салдарынан келтірілген жалпы материалдық шығын шамамен 2 млрд теңге болды.
21 адамға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 5 тамыздағы үкімімен барлық 21 сотталушы кінәлі деп танылып, бес жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар сот қылмыстық жолмен алынған мүлікті мемлекет кірісіне тәркіледі. Оның ішінде Алматы қаласындағы пәтерлер, Lexus LX 570, Toyota Land Cruiser 200, Toyota Camry автокөліктері және басқа да қымбат мүліктер бар.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
