Басты бет / Жаңалықтар /
SOS
Фото: Dribbble.com/Nixtio

Алматыдағы қауіпсіздікке арналған мобайл қолданбалар мен сайттар қандай?

Кез келген адам күдікті зат тапқанда немесе қоғамға қауіп төндіретін жағдайды байқағанда алдымен қайда хабарласу керек екенін ойлайды. Қазір мұндай ақпаратты телефон қоңырауы арқылы ғана емес, мобайл қолданба мен цифрлық сервис арқылы да жедел жеткізуге болады. Қазақстанда азаматтарға күдікті жағдай туралы жедел хабарлауға, ресми ақпарат алуға және құқық қорғау органдарымен байланыс орнатуға мүмкіндік беретін бірнеше мемлекеттік сервис бар.
Baribar.kz әрбір адамға қажет мобайл қолданба мен онлайн сервис тізімін ұсынып отыр.

«102» мобайл қолданбасы

Ішкі істер министрлігі әзірлеген «102» мобайл қолданбасы төтенше немесе күдікті жағдай туралы полицияға жедел хабарлауға мүмкіндік береді. Қосымша арқылы хабарлама жіберуге, фото немесе бейнематериал тіркеуге, сонымен қатар SOS батырмасы арқылы жедел байланысқа шығуға болады. Полиция геолокация функциясымен оқиға орнын тезірек анықтай алады.

Егер азамат қоғамдық орында қараусыз қалған күдікті затты байқаса немесе адамдардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әрекетті көрсе, бұл ақпаратты қосымша арқылы жедел жолдай алады. Мұндай хабарлама тәулік бойы қабылданады.

eGov Mobile-дағы «Заң мен тәртіп» сервисі

Қазақстанда азаматтардың құқық қорғау органдарымен байланысын жеңілдету үшін eGov Mobile қолданбасында «Заң мен Тәртіп» цифрлық сервисі іске қосылған. Оның көмегімен қоғам қауіпсіздігіне қатысты хабарламаны полицияға тікелей жіберуге болады.

Сервис тек төтенше жағдай кезінде емес, тәртіп бұзу, зорлық-зомбылық, балалардың қауіпсіздігіне төнген қауіп және басқа да заңсыздық туралы жедел ақпарат беруге арналған. Егер күмәнді жағдай байқалса, азамат бірнеше минут ішінде өтініш жолдап, қажет болса, фото немесе қосымша мәлімет тіркей алады.

eGov Mobile қолданбасы мемлекеттік қызметтерді алуға арналғанымен, қазір қоғам қауіпсіздігіне қатысты бірқатар цифрлық сервисті де біріктіреді. Осы арқылы азаматтар құқық қорғау органдарымен байланысып, мемлекеттік қызметтерді пайдаланып және ресми ақпаратқа қол жеткізе алады. Ресми цифрлық платформалар төтенше жағдай кезінде дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.

Терроризмге қарсы орталықтың ресми сайты

Қоғамға қауіпті төтенше жағдайдың бірі — терроризм. Мұндай жағдайда тараған қате ақпарат та қоғам қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан ұлттық қауіпсіздік комитетінің терроризмге қарсы орталығының ресми порталында терроризм мен экстремизмге қатысты заңнама, халыққа арналған жадынамалар, түсіндірме материалдар және ресми хабарламалар жарияланады.

Күдікті ақпарат тараса, әлеужелідегі белгісіз дереккөздерге емес, дәл осы ресми ақпарат көздеріне сүйену қажет. Сонымен қатар сайтта терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптары мен азаматтардың әрекет ету алгоритмі де жарияланған.

Қауіпсіздік тек қолданбамен шектелмейді

Мобайл қолданбалар — қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қосымша құралы ғана. Азамат күдікті затты немесе терроризм қаупін байқаған жағдайда оқиға ошағынан оқшауланып, айналадағы жандарға қауіп туралы ескертіп, бұл жөнінде құқық қорғау органдарына дереу хабарлауы қажет. Сонымен қатар ресми органдар тек расталған ақпаратқа сүйеніп, жалған хабарламалар мен қауесет таратпауға шақырады. Цифрлық сервистер осындай жағдайда мемлекеттік органдармен байланысты жеделдетіп, қажет ақпаратты уақтылы жеткізуге мүмкіндік береді.

Мақала туралы ойыңыз?