Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин ел аумағында криптовалюта айналымын заңдастыратын құжатқа қол қойды. Нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланған жаңа заңға сәйкес, цифрлық валюталар мүлік ретінде танылып, олардың айналымына ортақ талаптар енгізіледі әрі құқықтары сот арқылы қорғалады. Бұл туралы «Ведомости» басылымына сілтеме жасап Baribar.kz хабарлап отыр.
Заң қашан күшіне енеді және қандай шектеулер бар?
Криптонарықты реттеу мен қадағалау функциясы Ресей Орталық банкіне жүктелді. Ресей Үкіметі Орталық банкпен және ФСБ-мен келісе отырып, мемлекеттік қауіпсіздік пен экономикалық мүдделерді қорғау мақсатында цифрлық валюталардың ерекше айналым режимін енгізе алады.
Негізгі заң 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енеді, бірақ кейбір талаптар кезең-кезеңімен енгізіледі:
Криптоалмастырғыштар: 2027 жылдың 1 шілдесіне дейін Орталық банктің реестріне кірмей-ақ жұмыс істей алады.
Тексеріс талабы: 2027 жылдың 1 қыркүйегінен бастап криптоалмастырғыштар мен цифрлық депозитарийлер сатып алушылардың шоттарын тексеруге және деректер сәйкес келмеген жағдайда мәміледен бас тартуға міндеттеледі.
Біліктілігі жоқ инвесторларға шектеу: Олар әрбір делдал арқылы жылына ең көп дегенде 300 000 рубль лимитімен тек ең өтімді (ликвидті) криптовалюталарды ғана сатып ала алады.
Сыртқы сауда мен кошелектерге арналған мүмкіндіктер
Жаңа ережелерге сәйкес, бағалы қағаздар мен Ресейдің цифрлық құқықтарын криптовалютаға сатып алуға және сатуға рұқсат беріледі.
Сыртқы экономикалық қызметке (СЭҚ) қатысушылар үшін криптовалюталардың барлық түрі мен әртүрлі әмияндар қолжетімді болады. Ал кастодиалды емес (некастодиальные) әмияндарға 100 000 рубльден асатын аударымдар тек 48 сағаттық «кезеңнен» кейін ғана жүзеге асырылады.
Банктер реакциясы
Заң жобасын талқылауға белсене қатысқан Т-банктің блокчейн-технологияларды дамыту бөлімінің басшысы бұл шешімнің маңызын атап өтті. Банк өкілдерінің айтуынша, енді цифрлық активтермен жұмыс істеу мүмкіндігі тек супер-білікті инвесторларға емес, кең аудиторияға ашылады. Т-банк бұл функционалды өзінің мобильді қосымшасына интеграциялауды жоспарлап отыр.
Еске салсақ, Мемлекеттік Дума бұл заңды 21 шілдеде қабылдаған болатын. Құжатты Үкімет 1 сәуірде криптонарыққа бірыңғай ережелер жүйесін құру мақсатында енгізген еді. Ресейде 2024 жылдан бері цифрлық валютаға салық салу және оны Қылмыстық кодекс мақсаттары үшін мүлік деп тану туралы заңдар жұмыс істеп келеді.
