Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендету шешімінен кейін еліміздегі екінші деңгейлі банктер салымдар бойынша кірісті азайтуды жалғастырып жатыр. Бұл жолы депозит шартын өзгерткенін Еуразия банкі пен Home Credit Bank ресми хабарлады. Түзетулерден кейін танымал салымдар бойынша ең жоғары сыйақы 20% белгісінен төмен түсті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Еуразия банкі: 7 тамыздан бастап жаңа мөлшерлеме өзекті
Еуразия банкі хабарлағандай, 2026 жылдың 7 тамызынан бастап теңгемен жаңадан ашылатын және мерзімі автоматты түрде ұзартылатын салымдар үшін мөлшерлемелер қайта қаралады. Өзгеріс толықтыру мүмкіндігі бар 3 айлық «Жинақтаушы TURBO депозит» өніміне қатысты.
Өзгерістер кестесі:
- Салым мерзімі: 3 ай (толықтыру құқығы сақталады);
- Номинал мөлшерлеме: жылдық 18,52%-дан 17,84%-ға дейін төмендейді;
- Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ / ГЭСВ): бұрынғы 20,00–20,02%-дың орнына 19,20–19,23% аралығында болады.
Home Credit Bank: 5 тамыздан бастап пайыздар азайды
Home Credit Bank өкілдері де №40 протоколға сәйкес 2026 жылдың 5 тамызынан бастап депозиттер бойынша сыйақы төмендегенін хабарлады. Өзгерістер «Жинақтаушы Хоум+» желісіне енгізілді.
Өзгерістер кестесі:
- «Жинақтаушы Хоум+» (3 айға):
Номинал мөлшерлеме: 18,24%-дан 17,90%-ға дейін төмендеді;
ЖТСМ (ГЭСВ): 20,00%-дан 19,60%-ға дейін азайды (айырмашылық: -0,40%).
2. VIP-клиенттерге арналған «Жинақтаушы Хоум+» (6 айға):
Номинал мөлшерлеме: 18,24%-дан 17,90%-ға дейін төмендеді;
ЖТСМ (ГЭСВ): 20,00%-дан 19,60%-ға дейін азайды (айырмашылық: -0,40%).
Банк өкілдерінің айтуынша, салымдардың қалған барлық шарты өзгеріссіз сақталады.
Мөлшерлемелер неге төмендеп жатыр?
Депозит пайыздарының азаюы елдегі ақша-кредит саясатының жұмсаруымен тікелей байланысты. Жазда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені екі рет катар төмендетіп, 18%-дан 16,75%-ға дейін түсірген болатын. Осы шешімнен кейін еліміздегі 13-тен астам банк депозиттік өнімдерінің шарттарын қайта қарауға мәжбүр болды.
Home Credit Bank салымдар бойынша кірістілікті ең алғашқылардың бірі болып маусым айында азайта бастаған еді. Қаржы ұйымдары үшін халықтың салымдары бизнес пен жеке тұлғаларға кредит берудің негізгі қаржыландыру көзі болып қала береді.
