Алматыда терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамту — бірнеше мемлекеттік органның бірлескен жұмысы. Қалада өтетін оқу-жаттығуға құқық қорғау органдары, төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы орган жауапты. Қазақстан заңнамасында әр органның терроризмге қарсы күрестегі міндеті мен құзыреті нақты белгіленген, ал олардың қызметін бірыңғай жүйе үйлестіреді.
Baribar.kz Алматыда терроризмге қарсы күресетін мемлекеттік органдардың негізгі міндеті мен олардың өзара іс-қимыл тәртібіне тоқталды.
Терроризмге қарсы іс-қимылды кім үйлестіреді?
«Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заң бойынша, терроризмге қарсы қызметті үйлестіру міндеті терроризмге қарсы орталыққа жүктелген. Бұл орталық ұлттық қауіпсіздік комитетінің жанынан құрылған және мемлекеттік органдардың терроризмге қарсы қызметін үйлестіреді.
Өңірлік деңгейде, соның ішінде Алматы қаласында, терроризмге қарсы іс-шараны қаланың терроризмге қарсы жедел штабы үйлестіреді. Өтетін оқу-жаттығу осы штабтың жоспары бойынша ұйымдастырылады.
Қандай мемлекеттік органдар қатысады?
Президенттің «Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы туралы» жарлығы бойынша, терроризмге қарсы іс-қимылға бірқатар мемлекеттік орган қатысады.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті терроризм қаупін анықтау, болдырмау және террорлардың жолын кесумен айналысып, сонымен қатар мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіреді.
Ішкі істер министрлігі қоғамдағы тәртіпті қадағалап, терроризмге осал объектілердің қорғалуына мемлекеттік бақылау жүргізеді.
Төтенше жағдайлар министрлігі терроризм актісі салдарын жоюға, эвакуациялау және зардап шеккендерді құтқаруға қатысады.
Сонымен қатар бас прокуратура, қорғаныс министрлігі, сыртқы істер министрлігі, қаржы министрлігі және басқа да мемлекеттік орган өз құзыреті шегінде терроризмге қарсы іс-қимыл жүйесінің құрамында жұмыс істейді.
Алматы әкімдігінің рөлі қандай?
«Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңда жергілікті атқарушы орган терроризмге осал объектілердің тізбесін бекітіп, олардың қорғаныс жағдайын зерделейтіні және өңірлік терроризмге қарсы комиссияның жұмысын ұйымдастыратыны көрсетілген. Алматы қаласының әкімдігі де осы бағыттағы жұмыстарды қалалық терроризмге қарсы комиссия арқылы жүзеге асырады.
Бірлескен оқу-жаттығу не үшін өтеді?
Алматы қаласында жоспар бойынша терроризмге қарсы оқу-жаттығу тұрақты өтіп тұрады. Мұндай іс-шара барысында құқық қорғау органдары, арнайы қызметтер, құтқарушылар мен медицина қызметкерлері төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алгоритмін іс жүзінде пысықтайды. Сонымен қатар ақпарат алмасу, күштер мен құралдарды жұмылдыру, адамдарды қауіпсіз жерге көшіру, зардап шеккендерге көмек көрсету және қауіпті аумақты оқшаулау тәртібі тексеріледі. Төтенше жағдай кезінде шешім қабылдау жылдамдығы мен жұмыс сапасы да назардан тыс қалмайды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің терроризмге қарсы орталығының мәліметінше, мұндай оқу-жаттығудың мақсаты — мемлекеттік органдардың дайындығын арттыру, олардың өзара іс-қимылын жетілдіру және терроризм сипатындағы қауіп-қатерге жедел әрекет ете білу. Осыған байланысты оқу-жаттығу барысында тұрғындарға уақытша шектеуге түсіністік танытып, тек ресми ақпарат көзіне сүйену керек.
