Ішкі істер министрлігі қылмыстық рақымшылық аясында бүгінге дейін қанша адамның бостандыққа шыққанын мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Түрмеден 620 адам босатылды
Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нияз Рыспаевтың айтуынша, соттарға рақымшылық жасау туралы 10 мыңға жуық ұсыныс жолданған. Оның ішінде:
- 4 400 ұсынысты қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері;
- 6 900-ден астамын пробациялық қызметтер дайындаған.
Қазір соттар мыңнан астам материалды қарап, соның нәтижесінде 620 адам түзеу мекемелерінен босатылған.
Әрбір іс жеке қаралады
Министрлік мәліметінше, түрмеден босатылған азаматтардың барлығы әкімшілік бақылауға алынады. Сонымен қатар пробациялық қызметтердің ұсыныстары негізінде:
- 724 адам жазадан толық босатылды;
- 730-дан астам сотталғанның жаза мерзімі қысқартылды.
Нияз Рыспаевтың айтуынша, рақымшылық автоматты түрде қолданылмайды. Әрбір сотталғанның ісі жеке қаралады, ал түпкілікті шешімді тек сот қабылдайды.
