Алматының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарына, МИБ төрағаларына және басқарушы ұйымдардың өкілдеріне тегін құқықтық әрі әдістемелік кеңес беруді жалғастырып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қандай мәселелер бойынша кеңес алуға болады?
Басқарма мәліметінше, Алматыда 10 мыңға жуық көппәтерлі тұрғын үй бар. Оларды тиімді басқару үшін меншік иелерінің заң талаптарын білуі және ортақ мүлікті басқаруға белсенді қатысуы маңызды.
Тұрғындар көбіне:
- ортақ мүлікті пайдалану тәртібі;
- МИБ төрағасының өкілеттігі;
- ПИК-ті қайта тіркеу;
- сервистік ұйымдармен келісімшарт жасау;
- тұрғын үйді күтіп ұстау қызметтерінің сапасы сияқты мәселелер бойынша жүгінеді.
Тегін кеңес қайда өтеді?
Тұрғындарға арналған тегін кеңестер мына мекенжайларда ұйымдастырылған:
- Алматының тұрғын үй инспекциясы (Достық көшесі, 85, 1-қабат, операциялық зал) – әр сейсенбі және бейсенбі күндері 09:00-12:30 аралығында;
- Түрксіб ауданының Ресурстық орталығы (Т. Сауранбаев көшесі, 2) – әр дүйсенбі күні 09:00-16:00 аралығында;
- Алматы қаласының ПИК қауымдастығы (12-шағынаудан, 2-үй, 42-кеңсе).
Басқарма алматылықтарды көппәтерлі тұрғын үйлерді басқаруға белсенді қатысуға, меншік иелерінің жалпы жиналыстарына қатысып, тұрғын үй заңнамасына қатысты сұрақтар бойынша білікті мамандардың көмегіне жүгінуге шақырды.
