Басты бет / Жаңалықтар /
фейк ақпарат
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Жалған немесе бұрмаланған діни ақпаратты қалай танимыз?

Жұрт әлеуметтік желіде әртүрлі діни уағыз тыңдап, тіпті WhatsApp арқылы бір-біріне таратады. Алайда адамдар уағыз бен қысқа видеоларды таратпас бұрын сенімді ақпарат пен бұрмаланған мәліметтің ара-жігін ажырата білуі керек. Манипуляциядан сақтану үшін әр адам діни және ақпарат сауатын арттыруға тиіс. Уағыздың түпкі мағынасы мен мақсаты бұрмаланған немесе жалған болса, жұртты адастыруы мүмкін. Радикал мазмұндағы кез келген контент, үгіт-насихат дәрісі қоғамдағы татулықты бұзып, адамның танымы мен көзқарасын теріс бағытқа бұрады.
Осыған орай, Baribar.kz тілшісі жалған, бұрмаланған діни ақпаратты және фейк уағыздарды қалай тануға болатынын анықтап көрді.

Зайырлы мемлекетте де жалған діни ақпарат тарайды

Жалған, бұрмаланған діни ақпарат көбіне адамдардың діннен безіп кетуіне себеп болуы мүмкін. Өйткені дәлелденбеген діни қағидалар мен шектен тыс тыйым адамның таңдау құқығын, бостандығын шектегендей әсер қалдырады. Ал радикал көзқарастағы адамдар жұртты діннен алшақтатуды емес, керісінше үгіт-насихат арқылы дінге тартуды көздейді.

Қазақстан зайырлы мемлекет болғандықтан, азаматтар қай дінді ұстанатынын өзі таңдайды және діни сенімін, көзқарасын еркін бекіте алады. Алайда зайырлы мемлекетте де жалған діни ақпарат тарайды. Сондықтан әр адам дін жайлы пікірін ортаға салғанда бұрмалау, манипуляция мен үгіт-насихат белгілерін қолданбаған жөн екенін ескеруі керек.

Технология дамыған заманда жұрт арасына жік салу оңай

Тарих ғылымының кандидаты, дінтанушы Мирхат Мадияровтың сөзіне қарағанда, ислам діні пайда болған сәттен бастап дінге қарсы үгіт-насихат жүргізу тоқтамаған. Қазір ақпарат технологиялары дамыған заманда жұрт арасына жік салу, арандату әлдеқайда жеңіл болып жатыр. Ол ақпаратты бұрмалауға «ішкі» және «сыртқы» факторлар да ықпал ететінін айтты.

Әртүрлі діни ағымның пайда болуы сыртқы күштің мүддесін қорғағанға тиімді. Бұрын жастардың діни сауаты ақсап тұр еді, қазір салыстырмалы түрде дұрыс түсінік қалыптасқан. Өйткені жұрт жалған ұранды желеу еткен терактіні, түзу жолдан тайған жұртты көре бастады. Сонымен қатар радикал көзқарасқа қарсы алдын алу шаралары мен оңалту орталықтарының жұмысы күшейді. Осылай, қоғамдағы азаматтардың діни сауаты артып, теріс ағымның насихатын, жалған ақпаратты ажырата алады, — дейді ол.

Қазір жастар діни манипуляцияға еріп кетпейді

Халық қазір қолында Құраны бар, аузында Алласы бар кез келген адамның сөзін тыңдап, артынан ере бермейді. Әсіресе, жастардың дүниетанымы кең, ақпараттың шынайы екенін тексеруге мән береді. Дінтанушының пікірінше, жастар кітап бетін парақтап, білмегенін сұрап, жиі ізденеді. Сондықтан оларды діни манипуляция арқылы басқару қиын екенін айтты. Алайда ол қоғамдағы сұраныс материал дүниеге ауды деп біледі.

Қазір бәріне үй, көлік қажет. Кейбір жастар рухани тақырыпқа қызықпай, бизнес-форумдарға барады. Қай заманда да жұрттың басым бөлігі өмірде қиындыққа, зорлық пен күйзеліске тап болған шақта дінге бет бұрады. Тіпті, мәселені шешу үшін балгерлер мен көріпкелдерді жағалап кетеді, — дейді Мирхат Мадияров.

Елімізде азаматтардың 68%-ы жалған ақпаратқа кезіккен

Адам қиындыққа тап болған кезде балгердің болжамына, теріс діни ағымның насихатына, әсіресе әлеуметтік желідегі жалған мәліметке тез илануы мүмкін. Frontiers in Communication ғылыми журналында жарияланған 2026 жылғы зерттеу бойынша, Қазақстанда интернет қолданатын азаматтардың 68,3%-ы жалған ақпарат пен манипуляцияға кезіккен. Бұдан бөлек, әлеуметтік желіде жасанды интеллект арқылы жасалған deepfake видеолар да жиі тарайды. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы deepfake арқылы адамның шын мәнінде айтпаған сөзін айтқандай немесе істемеген іс-әрекетін істегендей етіп көрсетуге жалған ақпарат таратуға қатаң тыйым салынатынын хабарлады.

Ислам діні ғылым мен технологияның дамуына, жаңалық ашуға тыйым салмайды. Алайда бұл даму адамзат игілігіне, әділет пен адамгершілік қағидаларына сай болуға тиіс. Әдетте deepfake біреуге зиян келтіру үшін тарайды.  Сондықтан технологияны теріс мақсатта қолдануға болмайды, — делінген хабарламада.

Жалған діни ақпараттың 7 белгісі

Жалған немесе бұрмаланған діни ақпаратты тану үшін әр адам мына жеті белгіні білуі керек:

  • уағыздың авторы кім екені, дереккөзі нақты айтылмайды;
  • «Біз ақиқат жолындамыз» дейді;
  • басқа адамдарды «адасқан» деп көрсетеді;
  • қоғамды «біз» және «олар» деп екіге бөледі;
  • Құран мен хадистің үзіндісін контекстен бөлек әңгімелейді;
  • бетпе-бет кездесу немесе дәріс болса, қатысушыларға сұрақ қоюға, пікір айтуға мүмкіндік бермейді;
  • заң мен ұлттық дәстүрді жоққа шығарады.

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram