Жазғы демалыс маусымында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында көлік қозғалысы айтарлықтай артқандықтан, көлік министрлігі жүргізушілерді жолда барынша мұқият болуға шақырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Жол апаттарының басты себебі – жүргізушілердің тәртіп бұзуы
Министрлік мәліметінше, жол-көлік оқиғаларының 91%-ы жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзумен байланысты.
Ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтар:
- жылдамдықты асыру – 33%;
- көлікті басқаруды жоғалту – 14%;
- арақашықтықты сақтамау – 13%;
- жол белгілерінің талаптарын елемеу – 10%.
Осыған байланысты жүргізушілерге белгіленген жылдамдықты сақтау, қауіпті басып озудан бас тарту, шаршаған күйде көлік тізгініне отырмау және түнгі уақытта ерекше сақ болу ұсынылды. Сонымен қатар балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік белдіктері мен арнайы балаларға арналған құрылғыларды пайдалану қажеттігі ескертілді.
Жол апаттары азайған
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол-көлік оқиғаларының саны 9% төмендеп, 1 507-ден 1 371-ге дейін азайды. Бұл ретте көлік қозғалысының қарқындылығы 37% өсіп, алты ай ішінде республикалық жолдармен 22,3 млн көлік құралы жүрген.
Министрлік жол қауіпсіздігін арттыруға орташа жылдамдықты бақылау жүйесінің де оң әсер еткенін атап өтті. Жалпы ұзындығы 2,3 мың шақырым болатын ақылы жолдарда енгізілген бұл жүйе аталған учаскелердегі жол апаттарының санын 17%-ға қысқартуға мүмкіндік берген.
Кейінгі бес жылда республикалық маңызы бар 11 мың шақырым автомобиль жолының 45%-ы I және II техникалық санаттарға ауыстырылды. Сонымен қатар 65 айналма жол, 38 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынды, ал ақылы жол учаскелерінде жылдамдықты бақылайтын 56 лазерлік құрылғы орнатылды, — делінген хабарламада.
Көлік министрлігінің автомобиль жолдары комитеті барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол ережесін қатаң сақтауға шақырып, жолдағы қауіпсіздік әр жүргізушінің жауапкершілігіне байланысты екенін еске салды.
