Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрлігі 2026–2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім гранты иегерлерінің тізімі қашан және қайда жарияланатынын мәлімдеді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Грант иегерлері қашан белгілі болады?
Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік білім гранттарының иегерлері 2026 жылғы 10 тамызға дейін анықталады.
Ресми тізім мына ақпарат көздерінде жарияланады:
- Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Facebook, Instagram парақшаларында және ресми сайтында;
- Ғылым және жоғары білім министрлігінің Telegram, Facebook және Instagram ресми парақшаларында.
Грант жеңімпаздарына не істеу керек?
Конкурс қорытындысы жарияланғаннан кейін грант иегерлері 2026 жылғы 25 тамызға дейін өздері таңдаған жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына құжаттарының түпнұсқасын тапсыруға тиіс. Осыдан кейін ғана талапкер оқу орнына ресми түрде қабылданады.
Биыл мемлекеттік білім гранты конкурсына шамамен 127 мың талапкер өтініш берген. Ең жоғары сұраныс IT технологиялар, педагогика, сонымен қатар инженерлік, өңдеу және құрылыс бағыттарына түскен.
