Басты бет / Жаңалықтар /
су құбыры
Фото: Алматы әкімдігі

Жемқорлардан қайтарылған қаржыға Ақтөбеде жаңа су құбыры салынады

Үкімет Ақтөбе облысындағы су құбыры желілерінің құрылысына жемқорлардан қайтарылған активтер есебінен 5 млрд теңге бөлді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ақтөбеде жаңа су құбыры салынады

Үкіметтің мәліметінше, қаражат Сарыбұлақ жер асты сулары кен орнынан топтық су құбырын салуға бағытталады.

Жоба Ақтөбе қаласының Батыс-1, Батыс-2 және Батыс-3 шағынаудандарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған. Бұл аудандарда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп, коммуналдық желілерге түсетін жүктеме артып келеді.

Жоба аясында:

  • Сарыбұлақ кен орнында 20 артезиан ұңғымасы бұрғыланады;
  • қажет инженерлік инфрақұрылым салынады;
  • топтық су құбыры тартылып, тұрғын үй алаптарына дейін жеткізіледі.

Құрылыс жұмыстары биыл басталады.

Өңір 30 жылға жететін ауыз су қорына ие болады

Жоба іске қосылғаннан кейін Ақтөбе қаласы, сонымен қатар Алға және Мұғалжар аудандарының елді мекендері тәулігіне 70 мың текше метрге дейін қосымша ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде қарқынды дамып жатқан Ақтөбе қаласының жаңа шағынаудандарына тәулігіне 25 мың текше метр су бағытталады.

Үкіметтің мәліметінше, Сарыбұлақ кен орнының барланған қоры өңірді алдағы 30 жыл бойы тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге жеткілікті.

Сонымен қатар 2024–2026 жылдары арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен жалпы құны 610 млрд теңге болатын 500-ден астам әлеуметтік жобаны қаржыландыру мақұлданған. Оның ішінде 267 жоба су инфрақұрылымын дамытуға бағытталған, олардың жалпы құны 226,5 млрд теңге болады.

Мақала туралы ойыңыз?

Instagram парақшамызға жазылыңыз

Instagram